Алматы қаласының Әуезов аудандық соты қоғамды елең еткізген «Айка тізімі» бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
Айта кетейік, айыпталушы ретінде М. және Т. есімді азаматтар саналған болатын.
Тергеу органы М.-ны аса ірі мөлшерде психотроптық затты заңсыз иемденді, сақтады және тасымалдады, сондай-ақ 52 эпизод бойынша бір топ адамдармен жеңгетайлық жасады деп (ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі, 309-бабының 2-бөлігі, 1-тармағы) айыптады.
Ал, Т. -ға бір топ адамдармен 12 эпизод бойынша жеңгетайлыққа көмектесті деген айып тағылды (ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 309-баптың 2-бөлігі, 1-т.).
Сот отырысы жабық режимде өтті.
Сотталушы қыздарға “демеушілер” табуға, әлемді аралауға және өмірін жеңілдетуге уәде берген. Ал, топқа кіру құны 300 доллар. Көрсетілген жеңгетайлық қызметі үшін сотталушы клиенттен түскен табыстың 40%-ын өзіне алып отырған. Ақшаның қалған бөлігі қызмет көрсеткен қызға беріледі.
Айка 6 жыл 6 айға, ал оның сыбайласы 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде «элиталық эскорт» қызметін ұсынғандар мен клиенттері деп аталған бірқатар тұлғаның жеке деректері көрсетілген «Айканың тізімі» тараған еді.