Ішкі істер министрлігі кадрлық әлеуетті арттыру және қызмет сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың тапсырмасымен 2024 жыл – Кадр әлеуетін арттыру жылы, ал 2025 жыл – Профилактика жылы болып белгіленді. Бұл шешімдер қызметкерлердің кәсіби дайындығын күшейтуге, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Кадрлық және идеологиялық жұмыстың маңызды бағыты – тәлімгерлер кеңесі жобасы.
Жыл басынан бері республика көлемінде 940-тан астам кездесу өткізіліп, 75 мыңнан астам қызметкер қамтылды. Жоба аға буынның тәжірибесін жас қызметкерлерге жеткізуді көздейді. 10 қараша – Ардагерлер күні аясында ішкі істер органдарының ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілуде. Қазіргі таңда ведомство қатарында Ұлы Отан соғысына қатысқан төрт ардагер бар. Олар Камбар Сарсенов, Құрмат Рахимов, Тәңірберген Толғанбаев және Иван Макеев. Ғасыр жасаған ардагерлер министрліктің тұрақты қамқорлығында. Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында "Жас сақшы" жобасы іске асырылып жатыр.
Бүгінде елімізде 183 полиция сыныбы жұмыс істеп, 4 мыңға жуық оқушыны қамтып отыр. Қызметтік борышын адал атқарып, ерлік көрсеткен қызметкерлердің еңбегі ескерусіз қалмайды. Марапаттар өз иесін тауып, полицейлерге тиісті марапаттары табысталды. Сонымен қатар қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына әлеуметтік және материалдық қолдау көрсетіліп келеді.
Бүгінде Ішкі істер министрлігінің қарамағында алты жоғары оқу орны мен Шымкент және Павлодар қалаларындағы оқу орталықтары бар. Барлық білім беру ұйымдары заманауи талаптарға сай кадр даярлауда. Кадрлық процестерді оңтайландыру мақсатында qyzmet-police.kz платформасы іске қосылды. Бұл сервис ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу рәсімдерін жеңілдетіп, ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Министрлік алдағы уақытта кадр саясатын жетілдіру, профилактикалық бағытты күшейту және цифрландыруды дамыту жұмыстарын жалғастырады.
