Қарағанды облысында жыл соңына дейін шамамен бір жарым мың кезек күтушіні тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Тұрғын үй құрылысына қоса өңірде мектептер, ауруханалар мен спорт нысандары да салынуда. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Саян Мұратұлының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтуынша, қазір өңірде инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары белсенді жүріп жатыр.
Тұрғын үймен қамту процесін жеделдету үшін өткен жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар алғашқы нарықтағы дайын пәтерлерді және «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігімен үлестік құрылыс нысандарын сатып алып келеді.
— Биыл біз 1488 пәтерді тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға тапсыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 155-і – жалға берілетін тұрғын үй, 230-ы – несиеге берілетін, ал мыңнан астам пәтер әлеуметтік осал топтарға сатып алынбақ, — деді Саян Мұратұлы. – Сондай-ақ биыл Балқаш, Абай және Шахтинск қалаларында төрт несие үйді пайдалануға беру жоспарлануда.
Аудандарда шағын форматтағы үйлер – екі, төрт және алты пәтерлі баспаналар бой көтеруде. Нысандар дайын болған соң, пәтерлерді сатып алу үшін конкурс рәсімдері өткізіледі. Биылдан бастап жалдамалы және несие тұрғын үйлерді бөлу «Отбасы банк» АҚ арқылы жүзеге асырылады. Қазірдің өзінде кезекте тұрғандар үшін 144 пәтер сатып алынды.
Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы жалғасуда.
— «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыс ауылдарында 92 жаңа нысан – амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер ашылады. Балқашта орталық ауруханаға арналған ангиографиялық операциялық блоктың құрылысы аяқталуда. Сондай-ақ мұнда жаңа үлгідегі өрт сөндіру депосының құрылысы басталды, — деп түсіндірді басқарма басшысы.
Қарағандыда Ерубаев көшесіндегі әкімшілік ғимарат жас мамандарға арналған шағын отбасылық жатақханаға қайта жаңартылуда. Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына спортзал, монша және бассейн орналастырылатын қосымша құрылыс салынуда.
Өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Төрт жаңа мектеп пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы алты мектеп ашу жоспарланған.
Сонымен қатар Бұқар жырау ауданының Көкпекті ауылында Мәдениет үйі, Қарқаралы ауданында стадион, Шет ауданында бассейн, сондай-ақ облыс бойынша бес дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр.
Алдағы жылдары ірі жобалар да қолға алынбақ: Қарағандыда 200 орындық перинаталдық орталық, төтенше жағдай қызметіне арналған оқу-жаттығу кешені, Майқұдықта 600 орындық мектеп пен шығармашылықты дамыту орталығы, сондай-ақ Қарағанды, Приозёрск және Балқашта балабақшалар салу жоспарланған.