2024 жылғы 18 қаңтарда «Нұра-Сарысу облыс аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ мемлекеттік инспекторлары «Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі шаруашылғы» КММ жедел отрядының инспекторларымен бірлесіп, Абай ауданының резервтік қорындағы Саран су қоймасында балық қырылуының алдын алу бойынша іс-шаралар өткізді. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі хабарлайды.
30-дан астам ойық бұрғыланып, қамыс баулары орнатылды. 3 техника жұмылдырылды, 20 адам қатысты, оның ішінде волонтерлер және Саран қаласы әкімдігінің қызметкерлері.
Қарағанды облысының балық шаруашылығы қоры жергілікті маңызы бар 201 балық шаруашылығы су айдыны және республикалық маңызы бар 2 су айдынынан тұрады. Оның ішінде 107 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдыны 82 табиғат пайдаланушыға бекітілген. Резервтік қорда 96 су айдыны бар.
Су айдындары мен олардың балық қорын қорғау керек. Қыста мұздың жоғары қалыңдығы мен қар жамылғысы оттегі мен жарықтың түсуіне жол бермейді, бұл су айдындарында балықтың өліміне (қырылуына) әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, су аз болғандықтан, соңғы жылдары көптеген айдындарда су деңгейі айтарлықтай төмендеді, бұл балық ресурстарының өміріне қауіп төндіреді.
Осыған байланысты "Нұра-Сарысу облыс аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы" РММ мемлекеттік инспекторлары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жыл сайын резервтік су айдындарында ойықтарды бұрғылау, қамыс бауларын орнату, сорғыларды пайдалана отырып, суды аэрациялау сынды жұмыстарды қамтитын іс-шаралар жүргізеді.
Бекітілген су айдындарында балық қырылуының алдын алу бойынша іс-шараларды табиғат пайдаланушылар жүргізеді.
Бұл бағыттағы жұмыс барлық балық шаруашылығы су айдындарында қысқы кезең ішінде жалғасатын болады.