Қарағанды облысында Металлург күні – ең маңызды кәсіби мерекелердің бірі. Бұл салада мыңдаған адам еңбек етеді. Облыс әкімдігінде ҚР Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспавтың қатысуымен өткен салтанатты жиында сала қызметкерлерін құттықтап, мемлекеттік наградалар табысталды.
– Сіздер тек металл балқытумен шектелмей, құрылыс, машина жасау, көлік және энергетика салаларының дамуына елеулі үлес қосып келесіздер. Бұл – тұтас ел дамуына қосқан зор еңбек. Әсіресе, сала ардагерлеріне айрықша алғысымды білдіремін. Қалыптасқан еңбек дәстүрлерін бүгінгі жастар жалғастырып жатыр. Сіздердің даналықтарыңыз бен табандылықтарыңыз – Қазақстан металлургиясының берік негізі, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Әкім сондай-ақ бұл салада бірнеше еңбек әулеті бар екенін атап өтті. Олардың қатарында Әлібековтер, Брагиндер, Дёминдер және Есімжановтар әулеттері аталды.
– Құрметті қарағандылықтар, мен бүгін осы жерде Мемлекет басшысының тапсырмасымен келіп отырмын. Сіздерді кәсіби мерекемен құттықтап, облыс әкімімен бірге мемлекеттік наградаларды табыстау – мен үшін үлкен мәртебе, – деді министр Ерсайын Нағаспав. – Металлургтер – бұл жалын мен болаттың адамдары, домна пешінің отында шыныққан жандар. Олардың ерлігі, рухы мен ұрпақ сабақтастығы – саланың тұрақтылығының кепілі. Қазақстанның индустриялық қуатының символдарының бірі – дәл осы Қарағанды облысында өндірілетін болат. Оның сапасы мен беріктігі шетелде де жоғары бағаланады. Әрине, мұның артында сіздердің күнделікті ыстық пештің жанындағы, шахтадағы, станоктар мен зертханалардағы тынымсыз еңбектеріңіз жатыр.
Министр ел бойынша металлургия саласында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Жаңа жобалар іске асырылуда. Негізгі мақсат – еңбек жағдайын жақсарту және қауіпсіздікті арттыру.
Салтанатты жиында Теміртау мен Балқаш қалаларының металлургтеріне мемлекеттік наградалар табысталды. Олардың қатарында – «Құрмет» ордені, «Еңбек Даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі және «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» төсбелгісі бар.
Металлургтер атынан Ж.Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының директоры, «Құрмет» орденінің иегері Сайлаубай Байсанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді.
– Металлургтер еңбегінің жоғары бағалануы – біз үшін үлкен қуаныш. Бұл – ел алдындағы қызметімізге берілген баға. Сала дамуына қосқан үлесіміз ескерілгені – зор мәртебе. Енді жастардың да осы жолды таңдап, металлургтер қатары толыға түседі деп сенемін. Еліміз аман, өндірісіміз өркендей берсін! – деді.
«Еңбек Даңқы» орденінің иегері, «Qarmet» АҚ-ның конвертерлік цехындағы болатты пештен тыс өңдеу және шөміштерді дайындау учаскесінің бастығы Рамил Шафигуллин бұл марапатты бүкіл ұжымның еңбегіне берілген баға деп атап өтті. Ол металлургтер алдағы уақытта да адал әрі кәсіби еңбек ете беретінін жеткізді.
Бүгінде Теміртаудағы металлургиялық комбинатта болат өндірісі 3,5 миллион тоннаға жеткен. Қазіргі уақытта домна пештері жаңғыртылып, екі жаңа кокстік батареяның құрылысы басталды. Кәсіпорын кезең-кезеңімен газдандырылып жатыр, бұл қаланың экологиялық ахуалына оң әсерін тигізеді.
– Металлургиялық саланың жаңа тарихын жазып жатқанымыз – бүкіл компания ұжымы үшін үлкен мәртебе. Мемлекет басшысы мен Үкіметке металлургтер еңбегіне берген жоғары бағасы үшін алғыс айтамын. Барша сала қызметкерлеріне зор денсаулық, амандық және жаңа жетістіктер тілеймін. Біздің компания мен барлық металлургтер еліміздің өркендеуі жолында маңызды міндетті абыроймен орындайды деп сенемін! – деді «Qarmet» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев.
Металлургтерді кәсіби мерекемен және марапаттарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бауыржан Смағұлов та құттықтады.
Сол күні облыс әкімі мен министр Теміртаудағы Qarmet компаниясының ұжымымен де кездесті.
Бірқатар қызметкерге салалық наградалар табыс етілді.