Прокуратура тұрғындар мен кәсіпкерлердің жер телімдерін жоғарылатылған бағамен сатып алу фактілерін анықтады.
Облыс әкімдігі мен мәслихатының 2016 жылғы бірлескен нормативтік құқықтық актілерімен (бұдан әрі - бірлескен қаулы) облыс орталығында, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда, кенттер мен ауылдық елді мекендерде (аумаққа және учаскенің орналасқан жеріне байланысты) жер учаскелері жеке меншікке берілген кезде олар үшін төлемақының базалық мөлшерлемелері белгіленген.
Алайда, шекаралар айқындалуына қарамастан, ауыл тұрғындары жер телімдерін сатып алғанда, оларға қалалар үшін белгіленген базалық мөлшерлемелер қолданылған.
Мысалы, Шахтинск қаласы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен нормативтік құқықтық актілерімен Новодолинский, Долинка, Шахан кенттерінің шекаралары айқындалған.
Бұл ретте жер учаскелері үшін төлемақының базалық мөлшерлемелерін белгілеу туралы нормативтік құқықтық актіге өзгерістер енгізілмегендіктен, аталған кенттер үшін мөлшерлемелері белгіленбей қалған.
Сондықтан аталған кенттердегі жер учаскесінің 1 шаршы метрін жеке меншікке сатып алудың базалық мөлшерлемесі Шахтинск қаласы үшін мөлшерлеме бойынша (шаршы метріне 1481 теңге) есептелген.
Қадағалау шараларымен бірлескен қаулыға өзгерістер енгізілді, жер учаскелері жеке меншікке берілген кезде олар үшін төлемақының базалық мөлшерлемелері учаскенің орналасқан жеріне байланысты аумақтық-әкімшілік құрылымға сәйкес жіктелді.
Бұл жағдайлар ауыл тұрғындарының құқықтарын қорғап, қалпына келтіруге және олардың жер телімдерін жеке меншікке жеңілдетілген бағамен сатып алуына мүмкіндік берді.