BANNER

Қарағандыда қараңғыда тамашалауға болатын картиналар көрмесі ашылады

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды қаласындағы «Алтын ғасыр» галереясында ерекше форматтағы көрме өтеді. Авторлық тың техникамен орындалған картиналар көрерменге жартылай қараңғы жағдайда ұсынылады.

Көрменің креативті тұжырымдамасының авторы — қарағандылық суретші Дмитрий Кецман. Қараңғыда бейнені айқындауға мүмкіндік беретін көркемдік техниканы ол өзі әзірлеп, Phosphorescent shadow body деп атаған.

Суретші бұл әдістің қыр-сырын әдейі ашпайды. Оның айтуынша, белгісіздік көрермен қызығушылығын арттырып, көрменің ерекше атмосферасын қалыптастырады.

— Экспозицияға деген қызығушылықты сақтайтын құпия болуы керек деп ойлаймын. Залда мүлде қараңғылық орнамайды, тек қою жартылай қараңғылық болады. Сол себепті келушілерден қара немесе қою түсті киіммен келуді өтінеміз — бұл олардың көзге түспей, жалпы көркем кеңістіктің бір бөлшегіне айналуына мүмкіндік береді, — деді Дмитрий Кецман.

Экспозицияға қойылған туындыларды бір ғана фактор — орындалу техникасы біріктіреді. Ал тақырыптық мазмұны мен идеялық шешімі әртүрлі: әрбір картина өзіндік көңіл күй мен мағыналық жүктеме арқалайды.

Көрменің салтанатты ашылуы 14 ақпанда сағат 18:00-де өтеді. Кіру тегін. Көрме 19 ақпанға дейін көрерменге есігін айқара ашады.

Дмитрий Кецман — қарағандылық суретші, Ұлыбританиядағы Таланттардың жаһандық конфедерациясының алтын серіктесі, Мәскеудің Халықаралық суретшілер одағының мүшесі, сондай-ақ көптеген халықаралық фестивальдер мен байқаулардың лауреаты. Аталған экспозиция — суретшінің «Алтын ғасыр» галереясындағы үшінші жеке көрмесі.