BANNER

Қарағандылық оқушы Бразилияда өткен химиядан халықаралық олимпиадада күміс жүлдеге ие болды

Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан

Қарағандының он бірінші сынып оқушысы Бразилиядағы 59-шы Халықаралық Менделеев олимпиадасында екінші орын иеленді. Оған 40 елдің оқушылары қатысты. Олардың барлығы 10– 12 сынып оқушылары.

Олимпиада үш кезеңнен тұрды: екі теориялық және бір практикалық.

Қарағандыдағы «Білім-Инновация» лицейінің он бірінші сынып оқушысы Санжар Қалиақбар жоғары нәтиже көрсетті. Ол күміс медаль жеңіп алды.

– Бұл олимпиадаға біз үш жыл дайындалдық. Санжар ішкі мотивациясы бар өте тәртіпті оқушы. Менделеев олимпиадасы – химия әлеміндегі маңызды оқиға және біз дайындықты тыңғылықты өткіздік, – дейді «Білім-Инновация» лицейінің химия пәнінің оқытушысы Назерке Білімхан.

Жүлделі орын Санжар үшін жоғары оқу орындарына, соның ішінде халықаралық жоғары оқу орындарына өтініш берген кезде артықшылығы болады. Жоғарғы сынып оқушысының айтуынша, ол өзінің болашағын физика және бағдарламалаумен байланыстыруға ниетті.

Қазақстандықтар олимпиадада АҚШ, Жапония, Қытай және Еуропа елдерінің мықты командаларын басып озып, 11 медаль – 7 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Маңғыстау облысының оқушысы Меңдіғали Қалдыбай олимпиаданың тәжірибелік кезеңіндегі үздік нәтижесі үшін Best Score in the Practical Exam арнайы сыйлығына ие болды.

Олимпиада 5–13 мамыр аралығында өтті. Осы уақыт ішінде Қазақстан құрамасы Бразилияда болды. Қабылдаушы тарап қонақтар үшін экскурсиялар мен ойын-сауық бағдарламасын ұйымдастырды.