BANNER

Қарқаралы ауданындағы ауылдардың тынысы қалай өзгеріп жатыр

Gov.kz

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында ауыл инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның жарқын үлгісі – Көктас ауылы. 

Мұнда дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, балалар ойын алаңдары орнатылған, көше шамдары қойылған. Соңғы жылдары 7 шақырымнан астам жол жөнделіп, әр үйге орталық су құбыры тартылды.

Көктас – Қаршығалы ауылдық округінің әкімшілік орталығы.

– Округте шамамен 1500 адам тұрады. Көктас ауылында кітапханасы бар Мәдениет үйі жұмыс істейді. Сонымен қатар типтік үлгідегі үлкен орта мектеп бар. Өткен оқу жылында мұнда 226 оқушы білім алды. Мектеп жанында 50–60 баланы қамтитын шағын орталық жұмыс істейді. Сондай-ақ дәрігерлік амбулатория бар. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында бес көше асфальтталды, – деді ауылдық округ әкімінің аппаратының бас маманы Гүлмира Жікенова.

Ауыз сумен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Он жылдан астам уақыт бұрын «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауылға орталықтандырылған су жүйесі тартылған. Алғашында су жүйесі ауыл әкімдігінің теңгерімінде болса, қазіргі таңда оны «Қарқаралы су» коммуналдық мекемесі қызмет көрсетеді.

Биыл ауылда модульді ветеринарлық пункт орнатылды. Нысан пайдалануға беруге толық дайын. Қазір тек қоршау мен мал қорасын орнату жұмыстары қалған.

Тұрғындардың айтуынша, соңғы жылдары ауылдағы өмір сапасы айтарлықтай жақсарған.

– Көктас – ауданның алдыңғы қатарлы ауылдарының бірі. Жолдар асфальтталған, көшелер жарықтандырылған. Балаларға арналған ойын алаңдары салынды. Жастар туған жерді көркейтуге белсенді атсалысып жүр. Қазір ауылда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Бұл спортпен айналысу үшін жақсы мүмкіндік, – дейді ауыл тұрғыны Қанат Қашқынбеков.

Аталған нысан да «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынуда. Мердігер ұйымның өкілі Өткір Дәдебаевтың айтуынша, құрылысқа 17 жергілікті тұрғын тартылған. Барлық құрылыс материалдары Қарағанды облысынан жеткізілуде. Сондай-ақ бас мердігер орындалған жұмыстарға бес жылдық кепілдік беріп отыр.

– Қазіргі таңда қазаншұңқыр қазылып, іргетасы құйылып, қазандық орнатылуда. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жобада үлкен спорт залы, жертөле, жаттықтырушылар бөлмесі, санитарлық тораптар, душ және шешінетін бөлмелер қарастырылған. Кешен толық спорттық құралдармен жабдықталады. Бір мезетте мұнда 40 адамға дейін спортпен айналыса алады. Жалпы жер аумағы – 1 гектар, – деді ол.

Бұдан бөлек, ауылда Даңқ алаңын абаттандыру жоспарланған. Мұнда болашақта субұрқақ орнатылып, көгалдандыру мен демалыс аймақтары ұйымдастырылады.

Сондай-ақ ауылда әрқайсысы екі пәтерден тұратын екі жалдамалы үйдің құрылысы жүріп жатыр. Олар жас мамандар мен мұқтаж отбасыларға беріледі.

Бүгінде округке «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша келген төрт маман еңбек етіп жүр. Олар білім беру мен денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді, көтерме жәрдемақы алып, тұрғын үймен қамтамасыз етілген.

Ауыл шаруашылығы да назардан тыс қалған жоқ. Қазір округте 28 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Биыл 4791 гектар жерге егін егілді. Негізгі дақылдар – бидай мен арпа.