Құлсарыда суға кеткен үйін көруге шығып, із-түссіз кеткен әкесі мен ұлы төрт күннен бері табылмай жатыр, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
КТК арнасының мәліметінше, олар резеңкелі қорғаныс костюмдерін киіп, топан су басқан үйлерін тексеруге кеткен, бірақ әлі күнге дейін олардан хабар жоқ.
Телеарна ақпараты бойынша, 3 мыңға жуық үй мен объектіні топан су басқан. Кейбір жерлерде үйлерінен шығып үлгермеген адамдар бар, оларды құтқарушылар құтқарып жатыр. Ал, аулалардан жүздеген үй жануарлары мен ірі қара мал шығарылып жатыр.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жантөре Демешов Құлсары қаласындағы жағдай үш күн бұрын ушығып кеткенін айтты. Оның сөзінше, қазір су тартылып жатыр, әлі де су шайып жатқан жолдар бар.