BANNER

Төрт өңірде су саласы мамандарын даярлайтын тірек колледждер құрылады

Сурет: pixabay.com

Қазақстанда су саласы мамандарын даярлау желісін кеңейту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда бұл бағытта еліміздің төрт макроөңірі таңдалды.

"Онда экономика салалары бойынша, оның ішінде су саласының болашақ мамандарын даярлайтын тірек колледждер құрылады", - деп жазылған хабарламада.

2024-2025 жылдары "Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану", "Гидротехникалық мелиорация" және "Гидротехникалық құрылыс"және т. б. мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік білім беруде мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту жоспарлануда.

"Оңтүстік макроөңірдегі техникалық және кәсіптік білім берудің бас тірек ұйымы ретінде Шымкент қаласындағы Манап Өтебаев атындағы жаңа технологиялар жоғары колледжі таңдалды. Мұнда "Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану" мамандығы бойынша кадрлар даярланады", - деді техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.

Студенттерге өндірістік практикадан өту мүмкіндігі беріледі, ал арнайы пәндер педагогтері мен өндірістік оқыту шеберлері үшін біліктілікті арттыру курстарын өткізу, сондай-ақ өндірістен мамандар тарту жоспарлануда.

Айта кетері, бүгінде еліміздің бес колледжі су саласының мамандарын даярлайды. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі, Мақтаарал аграрлық колледжі, Түлкібас агробизнес және туризм колледжі, Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі және Манап Өтебаев атындағы жаңа технологиялар жоғары колледжінде гидрогеология саласының 300-ге жуық болашақ мамандары оқиды және олардың 90%-ы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алады.