Кезінде хит болған «Аппақ қар» әнінің авторы қара жұмыс істеп жүр, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы «Мұнарлан» тобы орындаған туындыны жазған Байділдә Әбділдаевтің өзі «Астарлы ақиқат» бағдарламасында айтып берді.
Байділдә Әбділдаев кейінгі 15 жылда қара жұмыстың түр-түрін істеген. «Мұнарлан» тобының бағын жаққан туындының авторы кейде «Алтын орда» базарының маңындағы «питакта» тұрып, адал еңбекпен ақша табуға намыстанбайды.
«Аппақ қар» әнінің авторымын. Өнерде тиын табу кішкене қиынырақ. Бала-шаға асырау керек. Жұмысқа алып кетеді. Бағасына келісесің. Екі адам болса, 30 мыңды 15 мыңнан бөліп аласың. Ресейде екі әні хит болса, сарай соқтырып алады екен. Гонорар көп төленеді. Ал бізде жағдай осы. Үкімет ән авторларына бюджеттен жәрдемақы бөлсе деймін, болмаса бұрынғыдай мәдениет үйінде жақсы ақша төлесе дейсің. Сонда бәрі өнерде жүретін еді. 2016-да үкімет заң шығарып, 2018 жылы түрмеге түстім. Бір жыл түрмеде отырып, екі жыл бақылауда болдым. Түрмені түзеу мекемесі дейді ғой, меніңше, түрме адамды бұзады. Сол жақта денсаулық та, мінез де бұзылды. Бұзық достарым да көбейді. Енді шығармашылықты қайта қолға алып жатырмын», - деді хит әннің авторы.