ҰРАНДЫ ЕЛДІҢ АРДАГЕРЛЕРІ БАС ҚОСТЫ

Фото автордікі

ТАРИХТЫ ЖАҢҒЫРТЫП ОТЫРУ КЕРЕК. Әр өткен күнімізді тарихтың бір бөлшегі десек, тарих қойнауына жұтылып жатқан қайталанбас жылдарымыздың орны ерекше екенін терең ұғына түсеміз. Өткенді еске алмасақ, еске алатындай іс-шаралар жүргізбесек, онда өміріміздің сол кезеңі тарих сахнасынан өшіп қалмақ.

     Жаңа Қазақстан құрып жатырмыз дейтіндер өткеннің бәрін өшіріп, өмірді бүгінгі күннен бастағысы келеді. Оған біздің тұрғыластарымыздың да қосылып кететіні бар. Шынында солай ма?! Жоқ. Осындай жарқын өмірге жетуімізге дүние жаралғалы қазақ жерінде өмір сүріп келе жатқан ата-бабаларымыздың еңбегі зор. Кешегі аталарымыз, әкелеріміз бізді осы күнге жеткізді, біз оны әрі қарай жалғастырушылармыз. Қазіргі ұрпақ қолда бар дүниеге (жерге) ие болып, аталар эстафетасын одан әрі жалғастыру керек.

     Бүгінгі ие болып отырған тәуелсіздігіміз оңайшылықпен келген жоқ. Беріден алсақ, қазан төңкерісінен бастап, бүгінгі күнге дейін талай сойқанды оқиғалар өтті, бейбіт уақыттың өзінде осынау ұшы қиыры жоқ жерді қорғау оңайға түсіп отырған жоқ. Соның бәрі әскерилердің басшылығымен, қазақстандық жауынгерлердің жанқиярлық күшімен іске асып отыр.

     Бұл ретте ардагер жауынгерлердің батырлық үлгісін жоққа шығаруға болмайды. Рас, жыл өткен сайын олардың жасампаз ерліктері ұмыт болуға айналуда. Ескермеген соң, айтылып жазылмағаннан кейін не нәрсенің болсын санадан өшетіні белгілі.

     ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР. 1945 жылы Германияда КСРО әскерилендірілген бірлестігін құру туралы шешім қабылданды. Сол жылдың 29 мамырында "Германиядағы Кеңес әскерінің тобы" ГСВГ деп атау туралы директива қабылданды. Бұл топқа 1-ші Беларус, 2-ші Беларус және 1-ші Украин майдан әскерлерінің құрамалары кірді. Осы уақыттан бастап, іріктелген түрде, біздің жауынгерлер ГСВГ құрамында азаматтық борышын өтей бастады. Оның ішінде қарағандылық жауынгерлердің болғандығын қуанышпен айта аламыз. Бірақ ол жауынгерлердің кейінгі тағдырлары туралы көпшілік ұмыта бастады. Олардың көпшілігі ауған, тәжік-ауған соғысында ұмытылмастай ерлік көрсетті. Азаматтық борышын қаһармандықпен атқарған жауынгерлердің есімін ұлықтап, елге аман-есен келгендердің рухын көтеру мақсатында МВД ардагері Егінбай Нәзірұлы Слямов ГВВД (Варшава КеңесІ Шарттық Әскери тобы) ардагерлері қоғамдық бірлестігін ресми түрде тіркеуден өткізіп, заңды тұлға ретінде жұмыс жүргізе бастады (2022 жыл).

     Қоғамдық бірлестік ретінде құрылғандағы басты мақсат - мемлекеттік мекемелерде, меншік түріне қарамастан ҚР-сы Қарағанды облысы аумағында жұмыс жасайтын кәсіпорын, білім орындары мен ұйымдарда, сонымен қатар өскелең ұрпақ алдында ұлттық рух пен патриотизмді және аталарымыз жүріп өткен ерлік дәстүрлерді, интернационалдық борыштарды өтеу жолдарын насихаттау.

     ЕКІ ЖЫЛ ІЗСІЗ КЕТПЕДІ. Салтанатты жиын алдында жиналған көпшілік қарулас достары А.К.Бакировты, Қ.Ж.Елубаевты, Д.М.Ибраевты, Е.М.Адампаевты еске алды...     Қоғамдық бірлестікті тіркеуден өткізу оңайға соқпады. Тіркелгеннен кейінгі жауапкершілік жүгінің оңайға соқпасын біле тұра, Е.Н.Слямов қиындықтан қашпады, ардагер-жауынгерлер алдындағы міндетін мүлтіксіз орындап, ҚР Президентінің, Президент кімшілігінің атына, сонымен қатар облыс, аудан Әкімдерінің атына хат жолдаудан жалыққан емес, жолданған хаттарына қанағаттанарлық жауаптар келіп жатқандығы тағы бар. Былтырғы жылы бірлестік құрылуының бір жылдығын атап өтті. Енді міне екінші жылға аяқ басты, істеліп жатқан жұмыстары көңіл көншітерліктей. 

     100-ге жуық жиналған ардагер-жауынгерлер алдында баяндама жасаған бірлестік басшысыЕ.Н.Слямов өткен жылдарда атқарылған жұмыстарға шолу жасады. Ауылдарда, аудан, қала орталықтарындағы мектептердің жоғарғы класс оқушылары арасында әскери-патриоттық тақырыптарға арналған кездесулерге қатысып, Отанды қорғау әрбір жас өскелең ұрпақтың азаматтық парызы екендігін нақты дәлелдермен ұғындыра отырып, жарқын болашақтың кілті өз қолдарында екендігін баса айтты. Сонымен қатар бұл ұйым қайырымдылық жасау ісін де естен шығармаған.

Қостанай өңіріндегі өрт апаты кезінде Қарағанды облысының ГВВД-ГСВГ Ардагерлер қоғамы атынан ҚР "Общественный фонд Қайырымдылық KZ" қорына 150 мың теңге аударылған.

Семей өңірінде болған апатқа да 250 теңге жіберілген.

Атаулы күндерде ГСВГ-ГВВД-ның мерекелік және қоғамдық медальдарын, ардагер куәлігін, алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсыру дәстүрге айналған. Бірлестік төрағасы баяндамасын қорытындылай отырып,  алда тұрған ауқымды міндеттерге тоқтала келіп, қоғам мүшелеріне мемлекет тарапынан әлкуметтік жәрдемдер беру мәселесімен айналысып жатқанын айтты.

     АРДАГЕР-ЖАУЫНГЕРЛЕР ЕСІМІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ.  Баяндамадан кейін бір топ ардагер-жауынгерлерге мерекелік медальдар, мүшелік билеттер  табыс етілді. Отан алдындағы борышын мінсіз атқарып келген азаматтардың есімі де атаусыз қалған жоқ. Халықтың тыныштығы мен ел іргесінің бекем болуы жолында жанын пида еткен қаруластар еске алынып, олардың отбастарына сый-сияпат көрсетілді.

     Салтанатты жиында сөз алған әскери қайраткер, Ауған соғысындағы 2-ші мұсылман батальонының ардагері, "ҚР ҚК ардагерлер кеңесі" РҚБ облыстық филиалының төрағасы отставкадағы полковник А.Т.Жантасов, арнайы шақырылған қонақтар: журналист А.Смағұлов, СА одағының мүшесі, Абай ауданының бұрынғы әкімі Т.А.Алтынбеков, қайтыс болған қарулас жолдастардың отбасынан А.Мәжитқызы, Ә.Қайыржанқызы, Мұрат Арғын, А.И.Сыздықбекова, Ауған соғысы ардагерлері А.Махамбетчин, В.А.Влеско, А.Әшляев бүгінгі алқалы басқосуға жиналып отырған ардагер жауынгерлердің отбасына амандық, зор денсаулық тілей отырып, елдігімізді нығайту жолында істеліп жатқан жұмыстардың одан әрі өркендей беруіне ниет білдірді. Халқымыздың тыныштығы мен ел іргесінің бүтіндігін сақтау жолында қызмет атқарып жатқан сарбаздардың  аталар салып кеткен айбынды жолдан айнымаса екен деген тілек те айтылды. Әскери жиынды ГСВГ-ГВВД бірлестігінің басшысы Е.Н.Слямов қорытындылады.

                                                                                                  Аңғар Смағұлов, ҚР Журналистер одағының мүшесі