V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қарағанды облысынан 600-ден астам делегат қатысады

Сурет: gov.kz

Қарағанды облысының спортшылары, әртістері, қолөнершілері мен дизайнерлері Астанадағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады. Халықаралық жарыстар 8–14 қыркүйек аралығында елорданың үздік спорт алаңдарында өтеді.

Халықаралық спорттық ойындардың ашылуы 8 қыркүйекте "Қазанат" ипподромында өтеді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 100-ден астам ел және 4000-ға жуық адам қатысады, олар 20 сайыстық және 10 көрсетілімдік спортында өнер көрсетеді.

– Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жек түрлері бойынша жарыстар, дәстүрлі садақ ату, аңшы құстармен аң аулау ұлттық спорт түрлері, ат жарыстары, халық ойындары, сондай-ақ этникалық спорт түрлері бойынша көрсетілімдер болады, – деді Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рустам Қожабеков. – Бүгінгі таңда облыстың 60 спортшысы іріктеу жарыстарына қатысуда. Еліміздің құрама командасы іріктеу жарыстарының қорытындысы бойынша құрылады.

Жарыс барысында барлығы 110 медаль жиынтығы ойнатылады. Дәстүр бойынша эстафетаның басты символы және негізгі элементі елдің барлық аймақтарының бұлақ көздерінен жиналған қасиетті су болады. "Қазанат" ипподромына іргелес аумақта этноауыл орналасады, онда күн сайын мәдени іс-шаралар: қолөнершілер көрмелері, шеберлік сабақтары, этно-тағамдар фестивалі және сән көрсетілімі өтеді. Этноауылдың ашылуы "Астана – көшпенділердің астанасы" театрландырылған қойылымымен есте қалады.

– Қарағанды облысының этноауыл сахнасында үздік халық театрлары, С. Сейфуллин атындағы Қазақ драма театры, "Арқа сазы" фольклорлық ансамблі, Тәттімбет атындағы Қазақ халық аспаптарының академиялық оркестрі өнер көрсетеді, – деп атап өтті брифингте Қарағанды облысының мәдениет, архивтер, құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов. – "Көшпенділер әлемі" этноауылын ұйымдастыру және рәсімдеу үшін бес көрме киіз үйін орнату жоспарлануда. Апта бойы күн сайын этноауылда Қазақстанның шеберлері мен қолөнершілерінің үздік жұмыстарының ірі көрме-жәрмеңкесі және шеберлік сабақтары өтеді. Қарағанды облысынан алты зергер мен бес қолөнершінің жұмыстары ұсынылады.

Этноауылдағы мәдени бағдарламаның маңызды бөлігі дәстүрлі ақындар сайысы – айтыс болмақ. Қарағанды облысының намысын айтыскер Мақсат Аханов қорғайды. Сонымен қатар, сахнада жыршы Дидар Ками, жырау Тілеген Әділов, дәстүрлі әншілер Төлеутай Баянды, Дәуренбек Аркенов, Сержан Мұсайын, Гүлмира Тапай, домбырашы Балқан Смағұлов және қобызшы Шахназе Ілиясова өнер көрсетеді.

Этно сән фестивалінде Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің этнографиялық сән театры мен "Нұрасем" сән үйінің түрлі бейнелері ұсынылады.

Барлық жоспарланған іс-шаралар мәдени мұраны, ұлттық құндылықтарды насихаттауға, ұлттық брендті, сондай-ақ Қазақстан халқының бай тарихы мен мәдениетін ілгерілетуге бағытталған.