Нигерияда бензин тасымалдайтын көлік пен ірі қара мал әкетіп бара жатқан жүк көлігі соқтығысынан болған күшті жарылыстан кем дегенде 48 адам қаза тапты, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Нигерияның орталық-батысына қарасты Нигер ауылшаруашылық штатындағы көлік көп жүретін тасжолда болды.
Аймақтық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Абдуллахи Баба-Арабтың айтуынша, апат салдарынан қаза тапқандардың көптігінен бөлек, кем дегенде 50 сиыр тірідей өртеніп кеткен.
Оқиға орнында іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр, деп қосты ресми өкіл.
Ақпаратқа сәйкес, төтенше жағдайлар қызметі бастапқыда 30 адамның денесін тапты, кейін тағы 18 адамның мәйіті шықты. Қаза тапқандарды жаппай жерлеу рәсімі өтіп жатыр.
Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Нигерияның мемлекеттік NNPC Ltd компаниясы өткен аптада бензин бағасын кем дегенде 39%-ға көтерді, бұл соңғы уақытта екінші үлкен өсім болды.
Елде жанармай тапшылығы сезіліп, көлік жүргізушілері ел бойынша сағаттап кезекте тұруға мәжбүр.
Жүк тасымалдауға арналған теміржол жүйесінің болмауына байланысты Африкадағы халық тығыз қоныстанған ел Нигериядағы негізгі жолдардың көпшілігінде жанармай тасымалдайтын көліктердің қатысуымен өлімге әкелетін апаттар жиі болады.
Ресми дерекке сенсек, тек 2020 жылы бензин тасымалдайтын көліктердің қатысуымен 1531 апат болып, салдарынан 535 адам қаза тапқан, 1142 адам жарақат алған.