25 қаңтардан бастап "Telegram"-да мектептерде шабуыл жасау туралы көрінеу жалған ақпарат тарады. “Мектепте лаңкестік әрекет жасалады” деген хабарламалар 6 қаланың тұрғындарын әбігерге салды,- деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, хабарламалар Ақтөбе, Атырау, Алматы, Павлодар, Қарағанды және Қостанай қалаларында тараған. Полицейлер ТМД елдерінен келген адамдардың қауіп-қатерге қатысы бар екенін мәлімдеді.
Министрлік терроризм туралы көрінеу жалған хабарламалар мен өтірік ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салды.
"Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық қажет тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазір Алматы, Ақтөбе, Атырау және Павлодар қалаларында бағытталған қатерлер бойынша ТМД елдерінен келген адамдардың қатысы анықталды. Шетелдік әріптестермен бірге олардың қылмыстық әрекеттерін әшкерелеу бойынша тиісті іс-шаралар өткізіледі. Алайда тергеу мүддесі үшін біз бұған әлі толық түсініктеме бере алмаймыз", – деді ІІМ имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар департаментінің басшысы Альбина Махамбетова.
Айта кетейік, Қарағанды және Қостанай қалаларында кәмелетке толмаған кей жасөспірім "Telegram"-арнасын ашып, шабуыл жасау туралы хабарламалар жіберген. Онда олар қауіпті мәтінді көшіріп, мектептердің фотосын жариялаған. Ары қарай сыныптастарының чаттарына жалған ақпаратты жолдаған.
Қарағанды облысында "оқушыларды жаппай қырамын" деп хабарлама таратқан 13 жастағы жасөспірім болып шықты
"Күнәлары үшін жауап береді": Қостанайда 10 жастағы оқушы мектепте атыс болатынын хабарлаған
"Қазір №15 Қарағанды мектебінің 7-сынып және №3 қостанай мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы бұл іске қатысы бары әшкереленді. Оқушылардың қылмыстық жауапқа тартылмайтын жаста екенін ескере отырып, ата-аналарына тәрбие шарасын қолданбағаны үшін әкімшілік жазаға тартылады. Бұдан бөлек, сот шешіміне сәйкес ата-аналар шұғыл қызметтерді жалған шақыруға және білім беру объектілерін тексеруге кеткен шығынды өтейді. Мемлекетке келтірілген залалдың көлемі – 2 миллион теңге", – деді Альбина Махамбетова.
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпаратты хабарлағаны үшін 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Мұнда қылмыскерге 18 миллион теңгеден астам айыппұл салынады немесе 5 жылға бас бостандығынан айырылады.
Альбина Махамбетова дүрбелеңді болдырмау үшін полиция халық арасында және алдын алу үшін оқушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.
Сонымен қатар ол арандатушы хабарламаларды жариялайтын анонимді арналар мессенджерлерінің әкімшілігімен жұмыс істеліп жатқанын мәлімдеді. Қазір жалған ақпарат таратқан анонимді "Telegram" арнасы бұғатталған.
Былтыр полиция терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпаратты хабарлағаны үшін 215 қылмыстық іс қозғады. 43 адам анықталып, оның ішінде 19-ы кәмелетке толмағаны белгілі болды. 7 адам сотталды, оның ішінде 2-еуі кәмелетке толмаған.
Еске салайық, 5 ақпанда Павлодар мектептерінде теракті болады деген хабар ата-аналарды шошытты. Cалдарынан 22 мыңға жуық бала мектепке бармай қалды.