Осыдан 61 жыл бұрын қазақ жерінен ғарыш кеңістігіне тұңғыш рет адам ұшты. Содан бері бұл күн әлемдік деңгейде ғарышкерлер күні ретінде мерекеленіп келеді, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі.
Тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннен (1961 жылы) бастап бүгінге дейін 500-ден астам адам ғарышқа ұшқан.
Олардың арасында қазақтың үш ғарышкері - Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов бар. Тоқтар Әубәкіров ғарышта 7 күн 22 сағат 13 минут, Талғат Мұсабаев 341 күн 9 сағат 48 минут, ал Айдын Айымбетов 9 күн 20 сағат 13 минут болған.
1957 жылдың қазан айында Кеңес одағы ғарышқа Жердің «Спутник-1» алғашқы жасанды серігін аттандырды. Америка болса, өзінің тұңғыш «Эксплорер-1» жерсерігін 1958 жылдың қаңтар айында ғана жіберді. Алайда бұл ғылыми мақсатпен жөнелтілген алғашқы жерсерік еді.
Алғашқы қазақстандық жеңіл телекоммуникациялық геостационарлық «ҚазСат-1» жерсерігі 2006 жылдың 18 маусымында ұшырылды.
Әлем бойынша алдағы он жылда ғарыш саласына бөлінетін мемлекеттік шығындар 2,1 пайызға өседі деген болжам бар.