Отбасылық жанжалдан кейін көз жұмған 19 жастағы Мадина Рашидқызының мәйіті қайта сараптама жүргізу мақсатында эксгумацияланды. Бұл туралы Жан Ахмадиев мәлімдеді.
Эксгумация жұмыстары полиция қызметкерлерінің бақылауымен жүргізілген. Марқұмның жақындары бұған дейін жасалған сараптама қорытындысына күмән келтіріп, қыздың өліміне қатысты барлық мән-жайды қайта тексеруді талап етіп отыр. Олар істің әділ әрі жан-жақты тергелуіне үміт білдіреді.
«Ертең шындықтың беті ашылады деп үміттенемін. Немеремді де қолыма аламын деп сенемін. Кінәлілер өз жазасын алады деген үмітім бар», – дейді марқұмның анасы Жан Ахмадиевке берген сұхбатында.
Еске салайық, биыл тамыз айында Жамбыл облысы Меркі ауданында 19 жастағы Мадина Рашидқызы қайтыс болған еді. Артында сегіз айлық сәбиі қалды.
Марқұмның құрбысының айтуынша, қайғылы оқиға алдында Мадина мен күйеуінің арасында «Барни» тәттісіне байланысты жанжал болған. Оның сөзінше, тәттіні жеп қойғаны үшін күйеуі әйелін ұрып-соққан.
Қазір марқұмның өліміне қатысты істің мән-жайы қайта тексерілмек. Қайта сараптама нәтижесі тергеудің толық әрі объективті жүргізілуіне ықпал етуі мүмкін.