Президент Жолдауында қазіргі таңда логистика мәселесімен бүкіл әлем айналысып жатқанын, ал дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті бүгінгі күшті елдің өзі ертең құрдымға кететінін айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразиядағы жетекші логистикалық орталыққа айналу үшін осы тарихи мүмкіндікті мүлт жібермеуі тиіс екенін баса атап өтті.
Негізгі маңызды тұстары:
Ірі теміржол және автожол жобалары. Келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржолы іске қосылып, Қытаймен жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады. «Арал – Каспий» күре жолы жүк жеткізу мерзімін 3 күнге азайтады. Сонымен қатар, «Көкшетау – Петропавл» тас жолы кеңейтіліп, автокөлік өткізу бекеттері толық жаңғыртылады.
Жол сапасы мен бақылау. Мемлекет басшысы сапасыз материалдарды алға тартып сылтау айтуға жол берілмейтінін ескертті. Еліміздегі бүкіл жолдардың мәселесімен тікелей Үкімет пен Көлік министрлігі айналысады.
Әуе хабы мен инфрақұрылым. Арқалық, Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайлары іске қосылып, Астанада әлемдік ірі компаниялардың қатысуымен жаңа әуежайдың құрылысы басталады.
Толық цифрландыру. Жасанды интеллект дәуірінде транзит ағындарын қағаз жүзінде басқаруды доғарып, бүкіл көлік саласын цифрландыру тапсырылды.
Президент сөзін түйіндей келе, негізгі мақсат – еліміздің жолдарының әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың табысын арттыру екенін айтты.