Еуро-2024 турнирінің В тобында өнер көрсететін Албания мен Испания, Италия мен Хорватия құрамалары үшінші тур аясында кездесті. Қос кездесу де тартысқа толы болды.
Еуропа чемпионатының «В» тобының соңғы кездесуінде Албания құрамасы Испаниядан жеңіліп, жарысты аяқтады. Бұл ойын 0:1 есебімен аяқталды. Жалғыз голды 13-минутта Испания құрамасының ойыншысы Ферран Торрес салды. 9 ұпай жинаған испандар плей-офф кезеңіне бірінші орынмен өтті. «В» тобында өнер көрсететін Италия мен Хорватия құрамалары да өзара кім мықтыны анықтаған еді. Тартысқа толы матчта «Скуа́дра Адзу́рра» соңғы минуттарда гол соғып, плей-офф жолдамасына ие болды. Ойын 1:1 есебімен аяқталды. Осылайша «В» тобынан плей-офф сатысына жолдама алған қос құрама анықталды. Қазірге кезде плей-офф кезеңіне 5 құрама өтті. Өз тобында бірінші орын алған Испания, Португалия, Германияның қарсыластары анықталуда. Ал, сәйкесінше 2-орынды місе тұтқан Швейцария мен Италия шеберлік байқасып, келесі кезең жолдамасын сарапқа салмақ.
Айта кетейік, топтық кезеңде бірінші және екінші орын алған құрамалар, сондай-ақ әр топта үшінші орынға ие болған құрамалар арасында нәтижесі жоғары ең үздік төртеуі плей-оффқа жолдама алады. Германиядағы Еуропа біріншілігінде 24 құрама бақ сынап жатыр. Топтық кезең 26 маусымға дейін жалғасса, плей-офф кезеңі 29 маусымда басталады.
Бүгін «D» тобындағы қос ойын 21:00-де басталса, «С» тобының кездесулері 00:00-ге жоспарланған. Бұл матчтарды «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарының тікелей эфирінен тамашалай аласыздар.