BANNER

ҚАЗАҚ ШАБАНДОЗДАРЫ ӘЛЕМДІК БӘЙГЕЛЕРГЕ ҚАТЫСА АЛА МА?

Фото: unsplash.com

Ат жалын тартып мінген әр қазақ баласы – шабандоз. Ендігі кезек – әлемді мойындату,- деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі 24.kz сілтеме жасап.

Бәйге десе, делебесе қозатын елміз, алайда оған қаншалықты көңіл бөліп, дамуына үлес қосып жатырмыз? 

Ақылбек Ишанов – кішкентайынан жабағы тақымдап, тай үйретіп өскен атбегі. Бұл күнде ат спорты үйірмесінде 30 шақты шабандозды жаттықтырып жүр. Алды республикалық бәйгелерде олжа салып, жеңіс тұғырынан көрінген. Қазір 3 шабандозы – бәйгеден спорт шеберіне үміткер. Кейіпкеріміздің айтуынша, үйірмеге балалар өздері қызығып келеді. Алда ұлттық бәйге түрлерінен бөлек, ұшқыр бәйге шабандоздарын да дайындасам деген ойы бар. 

Ақылбек  Ишанов, БҚО ұлттық спорт мектебі, бәйге бөлімі жаттықтырушысы:
 - Енді біздің ойымыз бәйге бөлімі ашылды. Бізде мына дәстүрлі аламан бәйге, құнан бәйге, енді классикалық түрі дейміз ғой, ұшқыр бәйге ашылса дейміз. Облыс басшысының тапсырмасы берілді, ипподромға жер қарастырылып жатыр. Ұшқыр бәйге ашсақ дейміз. Біздің жасы толған, салмағы толған шабандоздарымызды, «жокей» дейміз ғой, ұшқыр бәйгеге шабатын балалар дайындасақ дейміз.

 Әлемдік классикалық бәйгелерге тек құжаты бар, тұқымы расталған аттар ғана қатыса алады. Ол үшін алдымен қазақ атының асыл тұқымды екенін дәлелдей алуымыз қажет. Сондықтан спорт пен селекцияны бірге дамыту қажет, - дейді Жокей клубының төрағасы Мақсат Ақанов. 

Мақсат Ақанов, Қазақстан Жокей клубының төрағасы:
 - Біздің елімізде 3,5 млн аса жылқының саны бар. Бірақ оның 800-900 ғана таза қанды жылқылардың кітабында тіркелген. Көбі тіркелмеген. Ал шетелде азғантай ғана саны болғанымен, сапасы өте жоғары. Ол бізде нені айтады? Біздің елімізде жылқының саны көп болғанымен, экспорттық потенциалы жоқ деген сөз. 

Ұлттық бәйге түрлерінде 15 жастан кейін шабандоз зейнетке шығады. Ал оларды жокей шабандозы ретінде дайындау үшін арнайы мектеп пен ипподром қажет. Соның салдарынан жокей шабандоздар шетелге асығады. 

Мақсат Ақанов, Қазақстан Жокей клубының төрағасы:
 - Шабандоздар салмағы өсіп кеткеннен кейін ешқандай бәйгеге жарамай қалады. Ол әлі дайын тренер де емес, карьерасы біткеннен кейін не кәсіби жокей бола алмайды. Сондай әйтеуір бір қара жұмыс тауып кетіп қалады көбі. Ал енді әлдебіреулері нағыз атқұмар, оның өзінде жағдайы бар спонсор табылып жатса, шетелге кетіп жатыр. 

Өткенде ғана қазақ қазанаты Дубайды дүбірлетіп, әлемдік бәйгеде алдына қара салмай келді. Ал Бауыржан Мұзабаев атты атақты шабандозымыз Франция елінде топ жарып жүр. Осыған қарағанда сырттан спортшы тартуға құмар қазақтың әзірге өз атын жаратып, өз шабандозын дайындайтын түрі көрінбейді.