BANNER

Енді қазақстандықтарға кредит беруге тыйым салынуы мүмкін

.

Енді азаматтарға кредит төлеу мерзімі өтіп кетсе, жаңа тұтынушылық кредит беруге тыйым салынуы мүмкін. Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Татьяна Савельева заң жобасын Мәжілістің жалпы отырысында таныстырды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Оның сөзінше, Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмасын орындау үшін Парламент депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді.

Заң жобасында не көзделген:

Кредит төлеу мерзімі өтіп кеткенде азаматтарға жаңа тұтынушылық кредит беруге тыйым салу;

90 күн өткеннен кейін барлық кредит бойынша сыйақы есептеуге тыйым салу;

банктердің және МҚҰ-ның коллекторлық агенттіктерге азаматтардың кредитін сатуына шектеу;

коллекторлық агенттіктердің сатып алған берешекті реттеуді жүргізу міндетін енгізу;

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі НҚА сәйкес тұтынушылық қарыздың мерзімі, сомасы және өзге де шарттары бойынша шектеулер белгілеу;

кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу.

банктерге өндіріп алу нәтижесінде банктің меншігіне өткен тұрғын үйді бұрынғы иесіне (қарыз алушыға) жалға беруге мүмкіндік беру;

төлем талабын қойған кезде банктік шотта кемінде 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде ақшаны сақтау;

кредит алудан ерікті түрде бас тартқан жағдайда азаматтардың кредиті бойынша борышты есептен шығару.

Бұдан басқа, заң жобасында өзгерістер енгізуді көздейтін нормалар бар. Қылмыстық кодекс және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс: "Жеке деректерді сатқаны, абоненттің нөмірін ауыстырғаны және абоненттік нөмірді басқа тұлғаларға заңсыз бергені үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті белгілеуге қатысты". Депутаттар бастамашылық еткен заң жобасы бойынша Үкіметтің қорытындысы 2023 жылғы 12 қарашада алынды, - деді депутат.

Татьяна Савельеваның сөзінше, бастамалардың көпшілігі қолдау тапты. Бірақ кейбір тұжырымдамалық ұстанымдар бойынша, атап айтқанда коллекторлық компанияларға қарыздарды сатуға тыйым салу бойынша Үкімет депутаттар келіспейтін және жұмыс топтарында осы норманы енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыратын балама ұстаным ұсынды.

Бұдан басқа, осы Заң жобасы бойынша жұмыс тобы шеңберінде қаралатын халықтың несиесін төмендету бойынша өткен парламенттік тыңдауларда айтылған тағы да бірқатар маңызды мәселе бар. Қаржы және бюджет комитеті осы заң жобасын қарауға және ол бойынша қорытынды дайындауға дайын, - деді ол.

Мәжіліс заң жобасын дауысқа салып, құжаты жұмысқа алды. Сонымен қатар палата сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобасын да жұмысқа алды.