Нидерландта бокстан өтіп жатқан Eindhoven Boxcup халықаралық турнирінде 70 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіпов жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
Финалда ол өзбекстандық Асадхуджа Муйдинхуджаевпен кездесіп, алғашқы раундта қабағы жарылғаннан кейін жекпе-жек тоқтатылды. Нәтижесінде төрешілер жеңісті Жүсіповке берді. Бұған дейін жартылай финалда Абылайхан бельгиялық Анас Каддуриді 5:0 есебімен айқын жеңіп, финалға жолдама алған еді.
Айта кетейік, Абылайхан Жүсіпов — 2023 жылдың соңында Таиландта өткен Азия чемпионатының жеңімпазы.
Сондай-ақ, бүгін 50 келі салмақта бақ сынаған Даниял Сәбит те турнир чемпионы атанды. Финалда ол моңғолиялық Баттулга Алдархишигті сенімді түрде жеңді. Жартылай финалда қазақстандық боксшы бельгиялық Асаихи Редуанды айқын басымдықпен ұтып, шешуші кезеңге өткен болатын.