1 мамыр – еліміздегі ең шуақты әрі мағынасы терең мерекелердің бірі. Бұл күн – Қазақстанда тұратын түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің татулығы мен келісімінің, бір-біріне деген сыйластығы мен құрметінің жарқын белгісі.
1995 жылдың наурыз айында Тұңғыш Президенттің бастамасымен әлемге үлгі боларлық бірегей құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл – өзге ешбір мемлекетте баламасы жоқ, саяси маңызы зор институт. Ассамблея Қазақстанның көпұлтты қоғамындағы бірлік пен тұрақтылықтың тірегі болып келеді.
Бүгінде Ассамблея құрамында 365 мүше, 471-ден астам республикалық және өңірлік ұлттық-мәдени бірлестіктер, сондай-ақ 500-ге жуық кіші Ассамблея мүшелері бар. Олар еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің басын біріктіріп, ортақ үйіміз – Қазақстанда достық пен өзара түсіністікті нығайтуға зор үлес қосып отыр.
Қазақстан халқының бірлігі – біздің баға жетпес байлығымыз. Бұл мереке барша халықты ортақ мақсат жолында біріктіріп, елдігімізді нығайта түседі.