BANNER

2025 жылы АЭС-ті кім салатыны анықталады

Фото: Pixabay.com

2025 жылы Қазақстанда АЭС-ті салу үшін қай елдің технологиялары қолданылатыны белгілі болады, деп хабарлайды Life09 ақпараттық агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр АЭС-ті қай ел салуы мүмкін екенін айтты.

"Бұнымен арнайы жобалық топ айналысады. Егер әртүрлі компаниялармен, әртүрлі елдермен келісімшарт жасасу керек деген қажеттілік болса, ол да қарастырылады", – деді Скляр үкімет отырысында.

Оның айтуынша, консорциумда бес мемлекеттен артық болмайды. Консорциумның өзі станциялық нысандарды жобалау кезінде ең жақсы технологияларды таңдау үшін қажет. Бұл тәжірибені бүкіл әлемде қолданады екен.

“Ядролық аралды бір ел, турбинаны екінші ел, жабық тарату қондырғыларын үшінші мемлекет және т.б. салады. Мұның бәрі бірігіп, жақсы нәтиже береді. Сондықтан біз бір жеткізушіге немесе мердігерге қарап отырмауымыз керек. Консорциум құру тәжірибесі ең тиімді. Келесі жылы бұл мәселе нақтырақ болады – бұл консорциумның мүшесі кім болады, құжаттама қашан әзірленеді, мердігер, жобалаушы туралы шешім қашан қабылданады”, – деді премьер-министр орынбасары.

Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге бір жыл, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бір жарым жыл уақыт беріледі, содан кейін құрылыс басталады.

8 қазанда Орталық референдум комиссиясы Қазақстанда АЭС салу бойынша Республикалық референдумның нәтижелерін шығарған еді. Мәліметтерге сәйкес, АЭС салуға 71,12% адам келіскен. Осылайша, референдум өтті деп саналған.