Алматы облысында “Белый Бим” жануарлар үйі басшысы Наталья Сульжик орталыққа бетперде киген белгісіз адамдардың шабуыл жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Орталық басшысының айтуынша, түнгі сағат үш шамасында бетперде киген екі белгісіз адам кірген. Олар қару ретінде арматура қолданған.
“Үндемей, бір ауыз сөз айтпай, біздің иттерге қарайтын жалғыз күзетшіні аяусыз ұрып-соққан. Оның қолдары мен аяқтары сынған, қазір ауруханада жатыр”, – дейді Наталья Сульжик.
Оның айтуынша, бұл шабуыл орталықтың жерін тартып алу мақсатындағы қысымның бір бөлігі.
“Соңғы бірнеше айда осы жер телімі үшін ашық соғыс жүргізіліп жатыр, жергілікті шенеуніктер мен жасанды “қоғамдық белсенділер” жалған резонанс тудырып, бізді кетуге мәжбүрлеп жатыр. Біз шегінбейміз. Бұл жер қорғансыз жануарлардың үйі”, – дейді Наталья Сульжик.
Әйел халықты иттер зардап шекпеуі үшін, оларды асырап алуға шақырды.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
“Жазбада айтылған атыс туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Барлық дәлелдер мен мәліметтер мұқият тексеріліп жатыр, нәтижелері қосымша хабарланатын болады”, – делінген полиция хабарламасында.
Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында екені хабарланды.
