BANNER

Астанада құрылыс алаңында 17 жастағы студент ажал құшты

Фото: Canva.com

Астанада осыдан үш апта бұрын 17 жастағы Ерсұлтан есімді студент құрылыс алаңында көз жұмды. Марқұм студенттің ата-анасы тергеудің тым баяу жүріп жатқанына алаңдаулы. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының ештеңе болмағандай жалғасып жатқанына қапалы. Айтуынша, сол күні кран машинистері есірткіге мас күйде жүрген, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Ерсұлтанның туыстарының айтуынша, құрылыс алаңында құбыр жүргізу үшін ор қазу жұмыстары жүргізілген. Жұмыс барысында құрылыс крандарының бірі бетон іргетасын көтеріп жатқан сәтте, ауыр құрылым жас жігітті басып қалған. Алған жарақаттарының салдарынан Ерсұлтан оқиға орнында қаза тапқан.

Кәмелет жасқа толмаған теміржол колледжінің 3-курсында грантта оқып жүрген. Ол жуырда ғана тәжірибеден өту үшін Қытайға барып келген. Оның айтуынша, ұлы үйдің жанындағы құрылыс алаңында қара жұмысшы болып, қосымша ақша тапқысы келген. Қайғылы оқиға болған күні ұлы кешкі алты шамасында үйде болатынын айтқан. Алайда сол уақытқа таяғанда полиция туыстарына суық хабар жеткізген.

“Мен осында жүгіріп келдім, айнала толған шамдар, кеш те болып қалған еді. Сөйтсем бір плита екен, кран соны көтеріп жатқан дейді. Сол жерде бір қара пакет жатты, оны қойды, күйеуіме “мені жақындатпағанын” айттым. Күйеуім барды, ашып көрді, оған көрсетті.“Айтшы, бұл Ерсұлтан емес шығар” дедім. Бірақ ішім сезді, ұлым екенін түсіндім. Соңына дейін қателік шығар дегенге сенгім келді”, – дейді марқұмның анасы Айгүл Жұбанова.

Студенттің анасының сөзінше, қайғылы жағдайдан кейін де нысандағы жұмыстар жалғаса берген. Бірақ бүгін тыныш, біз тек лентаның арғы жағындағы техника ғана түр. Ата-анасы компанияның баласын жұмысқа алмастан бұрын кәмелетке толған-толмағанын көрсететін құжаттарын тексермегеніне аң-таң. Бұл қайғылы жағдайданк кейін белгілі болды. Қара жамылған отбасы тергеудің әділ өтетініне үміттеніп отыр.

Басқалар марқұмның ата-анасына ештеңе дәлелдей алмайтынын, 20 миллион беріп, сонымен істің тоқтайтынын айтқан. Алайда Айгүл Жұбанова ұлының өліміне кәнілі адамдардың заң алдында жауап бергенін қалайды. 

Полиция қылмыстық іс қозғады, алайда барлық деректер әлі де нақтыланып жатыр. Сол кезде техниканы басқарған краншылардың қанынан есірткі заттары табылды. Марқұмның туыстары олардың екеу болғанын айтады. Олар 15 тәулікке уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың жайлы басқа ақпарат жоқ.

“Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы тексеру жүргізді. Қажетті заттай дәлелдер алынды. 24 қыркүйек күні жүк түсіру барысында оның үстіне бетон плита құлаған. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Куәгерлер мен оқиғаның куәлары сұралуда, құжаттар алынып жатыр”, – деді Астана қаласы полиция департаменті.

Астана қаласы бойынша Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитетінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды бақылау бөлімінің басшысы Рустам Жандосовтың айтуынша, комиссия жұмыс берушінің және бұл қайғылы жағдайға жол берген жауапты тұлғалардың кінәсін анықтайды. Тергеу қорытындысы бойынша материалдар Полиция департаментіне жіберіліп, Қылмыстық кодекс аясында бұл адамдар жауапқа тартылады. Еңбек шартын жасамағаны үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.