Талдықорғанда күйеуінің қолынан қаза тапқан Айзат Жұманованың ісі бойынша үкім шығарылды. Сот оның күйеуі Айбар Жанболатты кінәлі деп танып, 14 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Айзат Жұманованың күйеуі Айбар Жанболат 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша кінәлі деп таныды. Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы соттан 15 жыл жаза тағайындауды сұраған еді.
Сот жәбірленуші тараптың азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Үкімге сәйкес, сотталған азаматтан:
20 миллион теңге – моральдық зиянды;
1,7 миллион теңге – адвокат қызметіне кеткен шығындарды өтеу туралы шешім шығарылды.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылдың маусым айында Жетісу облысы Ақсу ауданы Баласаз ауылында 32 жастағы Айзат Жұманова қаза тапты. Әйелді өлтірді деген күдікпен күйеуі Айбар Жанболат қамауға алынды. Марқұмның туыстырының айтуынша, ер адам әйелді 2 жасар қызының көзінше айуандықпен ұрып-соғып, кейін далаға шығарып, аттың жалына байлап сүйреген көрінеді. Ал күдікті ер адам әйелі селфи жасап жатқан кезде екінші қабаттың терезесінен құлап кетті деп ақталған. 27 қарашада сотта прокурор Айзат Жұманованың өлімінің хронологиясын жариялаған еді.
