Биіктен бәрі анық көрінеді: Қызыларайлық фермерге дрон қалай көмектесіп жүр

Фото: Сұлтан Сәбит

Қарағанды облысының фермерлері цифрлық технологияларды барған сайын белсенді меңгеріп келеді. Егістік алқаптары мен жайылымдардың жай-күйін бақылау үшін олар аспанға дрон ұшырып, ауыл шаруашылығы жерлерін жедел бағалап, үй жануарларын қадағалайды. Расында, биіктен бәрі анық көрінеді. Бұған Ақтоғай ауданының Қызыларай ауылының фермері көз жеткізді. Ол үшін ұшқышсыз ұшу аппараты тек жұмыс құралы ғана емес, туған өлкесінің сұлу табиғатын көпшілікке танытудың да мүмкіндігі.

Сұлтан Сәбит – отбасылық фермерлік шаруашылықтың иесі. Ауыл тұрғыны заманауи құрылғының пайдасын өзі ғана көріп қоймай, өзгелерге де үлгі болды.

— Алғашында дронды қызығып сатып алдым. Бұрын біреу маған оның мал бағуға көмектесетінін айтса, сенбес едім. Ал қазір оның іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақсы білемін: малдың соңынан қалмай жаяу жүрудің де, алыс жерлерге қатынаудың да қажеті жоқ. Қашықтан-ақ табынның қай жерде жүргенін көріп отырасың. Бұл уақытты да, күш-қуатты да үнемдеп, басқа шаруалармен айналысуға мүмкіндік береді. Менің тәжірибемді көрген ауылдастарым да оның қаншалықты қолайлы екенін түсінді. Қазір олардың кейбірі өздеріне дрон сатып алды, — дейді Сұлтан Сәбит.

Оның айтуынша, цифрлық технологияларды пайдалану қажетті ақпаратты жедел алуға және шаруашылықты жүргізуде барынша дәл шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мұндай құралдар, әсіресе аумағы кең жайылымдар мен егістік алқаптары бар ауыл тұрғындары үшін сенімді көмекшіге айналып келеді.

Алайда дрон оған тек жұмыста ғана көмектеспейді. Бос уақытында фермер Қызыларайдың асқақ таулары, ұлан-ғайыр даласы мен көркем көлдерін әуеден түсіреді. Ол түсірген фотосуреттер мен бейнероликтерді әлеуметтік желілерде жариялап, көпшілікті туған өлкенің табиғатымен таныстырып келеді. Осылайша Қарағанды облысында ішкі туризмді дамытуға өз үлесін қосып жүр.