BANNER

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 13 оқытушысы «2025 жылғы Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды

Фото: Life09

«2025 жылғы жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық байқауына еліміздің 89 жоғары оқу орнынан 502 үміткер қатысты. Байқауға қатысу үшін Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне 13 квота берілді. Университеттің ішкі конкурстық іріктеуінің нәтижесінде 28 үміткердің ішінен келесі кезеңге 13 оқытушы таңдалып, олардың барлығы республикалық кезеңнен сүрінбей өтіп, байқау жеңімпазы атанды.

Байқау барысында электрондық білім беру ресурстары мен оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық ғылыми журналдардағы ғылыми жарияланымдар, патенттер, сондай-ақ оқытушылардың өзге де ғылыми нәтижелері сияқты көрсеткіштер бағаланды. Сонымен қатар, оқытудың сапасына, үміткерлердің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі үшін кадрлар даярлауға қосқан үлесіне ерекше назар аударылды.

«Бұл – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің профессорлық-оқытушылық құрамының жоғары кәсібилігі мен біліктілігінің айқын дәлелі және оқу орнымыздың ғылыми әрі кадрлық әлеуетін дамытудағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі болып табылады» – деп  атап өтті  ҚарТУ-дің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бекболат Нүсіпбеков.

«2025 жылғы жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иелену оқытушыларға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, кәсіби біліктілігін арттыруға, сондай-ақ әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.

Дереккөз: Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дің баспасөз қызметі