Ақын, Қазақстанның халық жазушысы (1995), ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қадыр Мырза Әлі 1935 жылы 5 қаңтарда Орал облысының Жымпиты кентінде туған, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған. «Жұлдыз» журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жылдары «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, «Балауса» баспасының редакторы, кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болған.
1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ол Қазақстанның халық жазушысы. 2001 жылы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды.