Астаналық әйел 19 жастағы ұлын төрт бала қинап, тоғызыншы қабаттан лақтырып жібергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Астаналық әйелдің сөзінше, елімізде заң жоқ. Бұлай жалғаса берсе елімізде жастар қалмайды дейді әйел.
“4 балам бар анамын, шырылдап отырмын. Ұлым ішпейді, шекпейді, жоғары оқу орнында академияда оқиды. Күдіктілер өзі ішті деп жаланы марқұм ұлыма жаппақшы. Заң қайда? Менің жай-айқайымды естіп отырған ешкім жоқ. Құзырлы органдар кінәлілердің жазасын заңды түрде бергенін қалаймын. Қылмыс бұлай жалғаса берсе, елімізде жастар мүлде қалмай бара жатыр”, – дейді марқұмның анасы.
Аталған іске қатысты Stan.kz тілшісі Астана қаласы полиция департаментінен жағдайдың мән-жайын сұрады.
“Осы жылдың 13 қазанында тіршілік белгісі жоқ ер адамның табылғаны туралы хабар келіп түсті. Полиция қызметкерлері келгеннен кейін марқұмның жеке басы анықталды. Алматы аудандық ішкі істер басқармасы адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Қазір 16 жастағы жасөспірім мерт болған Талғар қаласын Ұлттық ұлан сарбаздары күзетіп жатыр.