Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан Ұлытау облысының экологиялық жай-күйі мен тартымдылығын арттыру мәселелерін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлытау облысы кұрылып, өңірді дамыту бағдарламасын дайындағанда, көш-қон бағдарламасының олқылықтарын ескеріп, жетілдіру керек. Ұлытау өңіріне көшіп келушілерге және инвесторларға тартымдылығын арттыру мақсатында өңірлерді дамытуға бағытталған бағдарламалардың толыққанды, нәтижелі жұмыс жасауын қамтамасыз еткен жөн», - деді Қ. Ержан Мәжілістің жалпы отырысында.
Спикер Ұлытау өңірінің Арал экологиялық апатының және Байқоңыр космодромының зардабын тартып отырғанын атап өтті.
«Осыған байланысты арнайы бағдарлама қабылдауды ұсынамыз. Бағдарламада жалақыға 20% үстемеақы, ақы төленетін демалыс уақытына 10 күн қарастыру қажет. Елді мекендердің ара қатынасын жақсарту мақсатында көлік жолдарын қысқа уақытта жөңдеуден өткізуді қамтамасыз ету керек. Жаңа құрылған Ұлытау облысында территориялық даму, тұрақты адам орналастырумен айналысу өте маңызды. Сондықтан, облысқа адамдарды тұрақтандырудың бағдарламасы қажет», - деді Мәжіліс депутаты.
Бұл жөнінде депутат ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа сауал жолдады.
Айта кетейік, 4 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру туралы Жарлыққа қол қойды.
Жарлыққа сәйкес, Қарағанды облысының құрамынан Жаңаарқа, Ұлытау аудандарын, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалаларын бөлу жолымен Ұлытау облысы құрылды. Оның әкімшілік орталығы Жезқазған қаласы болып бекітілді.