Қарағанды облысында жаңа оқу жылы басталғалы бері мектеп бағдарламасына тың серпін берген ALGA! жобасы іске асырылып келеді. Бастама облыс әкімі, өңірлік футбол қауымдастығы (QOFA) және Freedom Holding Corp. қолдауымен жүзеге асуда. Жоба аясында жүздеген бастауыш сынып оқушысы футболмен жүйелі түрде айналысып, командалық жұмысқа бейімделіп, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алып отыр.

Жобаның басты мақсаты – спортты балалардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру, олардың физикалық дамуын қолдап, салауатты өмір салтына деген дұрыс көзқарасты ерте жастан қалыптастыру.

Саран қаласындағы №17 мектеп-гимназияның 2-сынып оқушысы Әлімнің анасы Алла Гильмутдинованың айтуынша, жоба балалар үшін нақты әрі ұзақ мерзімді нәтиже беруде:
– Мектебіміздің осы жобаға қосылғанына өте қуаныштымыз. Футбол баланың төзімділігін арттырады, денсаулығына пайдалы. Ең бастысы – енді қосымша секция іздеп, уақыт пен қаражат жұмсаудың қажеті жоқ, өйткені футбол сабақ кестесіне енгізілген. Ал сабақтан кейін бала өзге бағыттарды таңдай алады. Бұл баланың жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндік, – дейді ол.

Яйсан Аманжолова бұған дейін футболмен айналыспаған. Дегенмен оның атасы – кәсіби жаттықтырушы Қазбек Қабылғазин, бірнеше буын футболшыларды тәрбиелеген маман. Қазір Яйсан әр дене шынықтыру сабағынан кейін үйіне ерекше әсермен оралып, алған әсерін бөліседі.
– Маған футбол қатты ұнайды. Қақпада тұрғанды жақсы көремін. Мектебімізде осындай сабақтың болғаны өте керемет. Сабақтар қызықты әрі көңілді өтеді, – дейді жас футболшы.

Биылғы оқу жылында жоба Қарағанды, Саран, Теміртау, Абай және Үштөбе қалаларындағы 10 мектепті қамтып отыр. 1–4 сынып оқушылары үшін үшінші дене шынықтыру сабағы толықтай футболға арналса, орта және жоғары сыныптар үшін қосымша футбол секциялары ашылуда.

Жобаға қатысқан барлық білім беру ұйымдары қажетті спорттық құрал-жабдықтармен – доптармен және қақпалармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар мұғалімдер арнайы даярлықтан өтіп, футболды ресми түрде оқытуға мүмкіндік беретін UEFA D санатындағы жаттықтырушы лицензиясын алды.

– Бұл жоба бұқаралық спортты дамытуда маңызды рөл атқарып отыр. Келесі жылы оған облыс бойынша 30 мектеп қосылады. Бағдарлама қала мектептерімен қатар ауылдық елді мекендерді де қамтиды, – дейді «Сарыарқа дарыны» балаларға арналған өңірлік ғылыми-практикалық қосымша білім беру орталығы басшысының орынбасары Асхат Кәкетаев.

Алдағы жоспарға сәйкес, 2029 жылға дейін облыста жасанды жабындысы бар 10 шағын форматтағы футбол алаңы салынбақ.

Жобаның алғашқы төрт айдағы нәтижелері фиджитал-фестиваль форматында қорытындыланды. Іс-шара классикалық спортты, киберфутболды және инклюзивті тәжірибелерді тоғыстырды.

Фестиваль екі дербес бағыттан тұрды: отбасылық спорттық-ағартушылық ALGA! жобасы және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған Phygital Kids Fest.

– Қыркүйек айынан бастап мектептерде үшінші футбол сабағын енгіздік. Қазір алғашқы жартыжылдықтың қорытындысын шығарып отырмыз және балалар мен ата-аналардың қызығушылығы жоғары екенін көріп отырмыз. Біздің басты ұстанымымыз – спорттың қолжетімді, тартымды әрі біріктіруші болуы, – деді QOFA білім беру жобаларының жетекшісі Данияр Кәрібаев.
Дереккөз: Gov.kz
