Ақмола облысы Еркіншілік ауылында құтырған түлкілер қаптап, адамдарға және үй жануарларына шабуыл жасап жатыр. Құтырма ауруы тарамас үшін қазір ауылда шектеу шаралары енгізілген, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Себебі түлкі, қасқыр сынды жабайы аңдар құтырма ауруын тасымалдаушылар қатарынан. Сондықтан мал дәрігері қызметкерлері ауылдағы төрт түліккке құтырмаға қарсы екпе салып жатыр. Бір айға созылған карантин шарасы апта соңында алынып тасталмақ. Себебі жағдай біртіндеп тұрақталып келе жатыр екен. Дегенмен тұрғындар айлакер түлкінің ауыл ішінде тағы да көзге түскенін айтып, қорқынышын жеткізді. Осыдан кейін мамандар аулаларда дезинфекция жүргізген.
Бұланды, Есіл аудандары мен Көкшетаудың іргесінде де түлкі көбейген. Ал жабайы аң тістеп алған тұрғындардың жағдайы жақсы дейді дәрігерлер.
“Екі жағдай да Еркіншілік ауылында тіркелді. Алғашқысында түлкі қораға кіруге әрекет жасаған. Үй иесі оған итін жіберіп, кейін түлкіні таяқпен өлтірген. Түлкінің өлі денесі мола маңында өртелген. Екінші жағдайда түлкі қоршауға қысылып қалған. Үй иесі оны шығаруға тырысқанда, түлкі оны тістеп алыпты. Түлкі өртелді. Адамдар вакцина алды. Қазір өзін жақсы сезінеді”, – дейді Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының өкілі Мәдина Смағұлова.
