Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты полиция органдарында жұмыс істейтін әйелдер саны артпақ

Фото: stan.kz

Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша жұмыс істеу үшін әйел қызметкерлер штаты 750-ге кеңейтіледі. Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха осылай деп мәлімдеді,-деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Мәжіліс кулуарында ол мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алумен айналысатын қызметкер санын арттыру туралы тапсырма бергенін атап өтті.

"Қазір біз олардың штатын Қазақстан бойынша 750-ге арттыруды көздеп отырмыз (қазір олардың саны – 280 – авт.). Қазір қыздар, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық ісіне әйел тергеушілер маманданып жатыр. Алғашқы жауапты әйелдер алуы керек. Біз бұл тәжірибені зерттедік. Әкімдермен бірлесіп жұмыс істейміз, олар бізді қолдады. Бірақ, өкінішке орай, әзірге үкіметте бұл бөлімшелерді қаржыландыруға қатысты іркіліс бар", – деді Игорь Лепеха.

Ішкі істер министрлігі әйелін өлтірді деп айыпталып отырған экс-министр Бишімбаевтың бала қағып кеткені туралы ақпаратты тексерген

“Әзірге нақты айта алмаймын, бірақ ақпарат расталмады. Біз марқұмның туыстарымен , оның ішінде ағасымен сөйлестік. Ақпараттың қайдан шыққанын анықтадық, тексердік, онда әңгіме басқа оқиға туралы болған. Әзірге расталған жоқ, алдағы уақытта көреміз”, – деді журналистерге Игорь Лепеха.