BANNER

Енді қазақстандықтар өз өтінімдерінің мәртебесін «ХҚКО» мобильді қосымшасынан бақылай алады

gov.kz

«Халыққа қызмет көрсету орталығы» мобильді қосымшасында жаңа мүмкіндік іске қосылды: енді қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді алу үшін берген өтінімдерінің мәртебесін нақты уақыт режимінде бақылай алады.

Өтінім мәртебесін «ХҚКО» мобильді қосымшасының «ХҚКО қызметтері» және «Арнайы ХҚКО қызметтері» бөлімдерінен көруге болады. Ақпарат алу үшін пайдаланушы өз өтінімінің нөмірін енгізуі қажет. Бұл жаңа функция уақытты үнемдеуге және қызмет көрсету үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Өтінім мәртебесін бақылау функциясын енгізу – мемлекеттік қызметтерді жаңғыртудың кезекті қадамы. Ол көрсетілетін қызметтердің ашықтығын, қолжетімділігін және азаматтарға қолайлылығын арттыруға бағытталған. Мұндай цифрлық шешімдер мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал етіп, Президенттің Жолдауында белгіленген цифрлық трансформация бағыттарына сай келеді, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Сонымен қатар, қосымшада электронды түбіртектерді – өтінім беру мен қызмет алу фактісін растайтын құжаттарды қарау және сақтау мүмкіндігі бар. Түбіртек автоматты түрде «Өтінімдер тарихы» бөлімінде сақталады, бұл оған кез келген уақытта жылдам әрі қауіпсіз қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Дереккөз: Gov.kz