Соңымнан келе жатқан Төрехан Майбас та 70-ке табан тіреп қалыпты. Мен көргенде уыздай жас жігіт еді.
«–Совет өкіметі Ақтоғайды неге жек көреді?! Білесіңдер ме?!»- деуші еді кейде Дәукең (Д. Стамбеков) ашуына мінген бір кезінде. Үндемей құтыламыз.
« – Ақтоғайға неге шойын жол тартылмаған?!» – дейді Дәукең одан сайын қахарына мініп!
« – Оны мен қайдан білейін?».
«--Оны білмесең, қолыңа қалам ұстап, несіне кісімсініп жүрсің?!».
Көкемнің мінезі өзіме белгілі. Үндемей құтыламын... Біраз уақыт үнсіз отырады да:
« –Совет өкіметінің үш қас жауы осы топырақтан туған! Соларға кеткен өшін алу үшін бізді құс ұшып, құлан жортпас құладүзге қалдырып отыр!» - деуші еді...
Мұны естігенде Ақтоғайдың коммунистерінің зәре-құты ұшып, орындарынан тұра-тұра қашатын... Солардың көбісінің көзі әлі тірі. «---Совет өкіметін иттің етінен де жек көрген қазақтың үш боздағы осында туған!»,-дейді! Не деген сөз?! О кезде мұндай сөзді айту үшін адамға арыстанның жүрегі керек-ті. Әсіресе – қазаққа.
Ия, біз КарЛагта туғандармыз! Көңіліміз—алаң, кеудемізде Әлиханның өксігі бар еді. Совет өкіметінің тізесі батқан жер Сары Арқа еді, атом бомбасында осында сынаған! Гулаг-тың ең үлкен ордасы КарЛагты да осында тұрғызған! Қазақ сонда да ұлттық уызын сақтап қалды,--күлден қайта жаралып, аспанға қанат сермеген Феникс құс секілді! Соның бір тұяғы сенсің! Мұндай жерден ұлттық рухқа суырылып, ел алдына шығу қияметтің қияметі болатын, --Сен шықтың!
Арқада ұлттық руханияттың шаршы тобына Қасымдардан кейін Ахаңдар (Ақселеу Сейдімбек), Дәуітәлі Стамбек, Жеңіс Қашқыновтар шығып еді, соңдарынан жүрегімізді қолымызға ұстап, біз де шықтық. Бүгінде алдыма қарасам, ешкім жоқ, артыма қарасам,--сен, сендер барсыңдар! Сен әдебиетке көп жазарманның бірі боп келмедің, айтар ойы, ағытар сыры мол суреткер, этнограф, азамат жазушы болып келдің! Мерей жасың құтты, Еліңнің іргесі мықты болғай, бауырым! Бірақ, қамышыңың сабындай қысқа ғұмыры ылғи өліараға тап келіп, екі көзінің алды тұманданып қалған мына жұрт кімнің кім екенін қайдан білсін; айтқыштың бәрі—ақын, жазарманның бәрі—жазушы болып жатыр ғой?!.
Серік Ақсұңқар