Қарағанды облысы Қазақстанда электронды сауданы дамытуда алдыңғы қатарлы өңір саналады. Бұл – жергілікті бизнестің белсенділігінің және отандық Teez маркетплейсінің серпінді дамуының нәтижесі. Қазірдің өзінде еліміздегі әр бесінші онлайн-тапсырыс Қарағанды үлесіне тиіп отыр.
Teez – жеткізу мерзімі бар болғаны бір күнді құрайтын, қазақстандық қарқынды дамып келе жатқан онлайн-сауда алаңы. 2024 жылдың қыркүйегінде іске қосылған жоба қысқа уақыт ішінде зор нәтижеге қол жеткізді. 2025 жылдың қаңтарында қарағандылықтар берген тапсырыстар көлемі 2,3 миллионнан асып, бұл Қазақстандағы барлық онлайн-сатылымдардың 17,8 пайызын құрады.
Арада бір жыл өткенде, 2025 жылдың қыркүйегінде Teez тәулігіне 10 мыңнан астам тапсырысты қабылдап, еліміздің 30 қаласына жеткізіп отыр.
Қарағанды мен өзге өңір кәсіпкерлері үшін Teez – өнімдерін сату және нарыққа шығарудың тиімді құралы. Бүгінде алаңда 37 мың отандық кәсіпкердің тауарлары ұсынылған.
— Біздің мақсатымыз – әрбір қазақстандық брендтің халықаралық деңгейде бәсекеге түсуіне мүмкіндік беру. Осы үшін біз қолайлы экожүйе қалыптастырып жатырмыз: төмен комиссия, тегін сақтау, жарнамалық қолдау және жедел жеткізу, — дейді Teez компаниясының бас директоры Линар Хуснуллин.
Маркетплейстің өңірде дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етуде. Бүгінде Қарағандыда 350-ден астам адам Teez компаниясында еңбек етсе, алдағы жылдары бұл сан бүкіл Қазақстан бойынша 8 мыңға жетуі жоспарланып отыр.
Электронды сауданың өркендеуі логистика, курьерлік қызмет және қоғамдық тамақтану секілді салалардың дамуына да серпін беруде.
Өткен жылдың қарашасында Қарағандыға жұмыс сапарымен келген ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев атап өткендей, өзінің географиялық орналасуы мен инфрақұрылымдық әлеуетін ескере отырып, Қарағанды облысы Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның да ірі сауда-логистикалық хабына айнала алады.