BANNER

Қарағанды облысында 20 мыңнан астам бала пилоттық жоба аясында үйірмелер мен секцияларға тегін қатысуда

Фото: Life09

Қарағанды облысында балалардың қосымша білім алуына арналған бірыңғай мемлекеттік тапсырыстың пилоттық жобасы төртінші ай қатарынан іске асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 20 мыңнан астам оқушы тегін үйірмелер мен секцияларға қатыса бастады, тағы 4,5 мыңнан астам ваучер бөлу кезеңінде тұр.

Жоба «бір бала — бір ваучер» қағидатына негізделген. Мемлекет тек бір ғана үйірме немесе секциядағы сабақтың ақысын төлейді. Бұл шығындардың қайталануын болдырмауға және қосымша білімге қолжетімді балалар санын арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда жүйеде 141 қызмет көрсетуші жұмыс істейді. 2026 жылдың басынан бастап «өлі жандарды» болдырмау мақсатында Face ID технологиясын қолдана отырып, сабаққа қатысуды автоматтандырылған есепке алу енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар жаңа ұйымдардан өтінім қабылдайтын толыққанды портал іске қосылады.

Жобаға қатысушылардың бірі — жуырда «НаТворим» арт-мектебінде оқи бастаған оқушы Анна Оксентюк. Ол сурет салуға әуес, алғашқы жұмысы — жаңа жылдық ақ аю бейнесі. Анна үшін бұл — жаңа хобби. Облыс бойынша мыңдаған бала сияқты ол да ваучердің арқасында шығармашылық студиялар мен спорт секцияларына тегін қатысып жүр.

— Бағдарламаның басты құндылығы — ваучердің баланың өзіне бекітілуі. Егер сабақ уақыты немесе мазмұны сәйкес келмесе, порталда қайта тіркелмей-ақ басқа үйірмені таңдауға болады. Бұл әлдеқайда ыңғайлы, — дейді «Сарыарқа дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы басшысының орынбасары Айгүл Қалмағамбетова.

Ата-аналар да оң өзгерістерді атап өтуде. Светлана Куроедованың қызы сурет салумен төртінші жыл айналысып келеді. Оның айтуынша, жаңа жүйеге көшу кезінде әкімшілік отбасыларды алдын ала хабардар етіп, барлық сұрақ бойынша түсіндірме берген.

— Бағдарлама ArtSport-қа қарағанда қарапайым әрі түсінікті болып шықты. Тек бір ваучер берілетіндіктен, біз шығармашылықты таңдадық — бала соған бейім. Қалған секцияларға мектепте барады, сондықтан таңдау қиындық тудырмады, — дейді Светлана.

«НаТворим» арт-мектебі алты филиалда жұмыс істейді, мұнда шамамен 700 бала білім алады. Оқушыларға кескіндеме, мүсіндеу, компьютерлік графика, анимация, мультипликация және домбыра ойнау үйретіледі.

— Көркем-эстетикалық тәрбие — тек сурет салу ғана емес. Балалардың ойлау қабілеті дамиды, уәждік дағдылар қалыптасады, олар жан-жақты дамуға мүмкіндік алады. Біз гуманистік педагогика форматында жұмыс істейміз және адамгершілік тәрбиесіне ерекше мән береміз, — дейді орталық басшысы Юлия Несипбаева. — Жаңа портал жұмыс істеуге, соның ішінде табель толтыруға да ыңғайлы болды. Жүйе енгізілгеннен кейін тәрбиеленушілер санын біртіндеп арттырып келеміз.

Жобаға қатысатын барлық ұйымдар аккредитациядан өтеді, педагогтердің біліктілігін және санитарлық-техникалық талаптарға сәйкестігін растайды. Төлем тек нақты көрсетілген қызмет үшін — сабаққа қатысу көрсеткіші ескеріле отырып жүргізіледі. Сондай-ақ ғимараттардың қауіпсіздігі мен жабдықталуы тексеріледі. Заңбұзушылық анықталған жағдайда, қызмет көрсетуші оларды жойғаннан кейін қайта өтінім бере алады.

Бақылауды білім, спорт, мәдениет салалары мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері кіретін мониторингтік топ жүргізеді. Тексерулер жылына төрт рет өтеді, ал жаңа қызмет көрсетушілер жүйеге тек көшпелі мониторингтен кейін ғана қосылады.

Спорт саласындағы ірі қызмет көрсетушілердің бірі — облыстың барлық дерлік аудандарында жұмыс істейтін «Спорт және мәдениет лигасы корпорациясы» қоғамдық бірлестігі.

— Біз 5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдаймыз және спорттың шамамен 16 түрін ұсынамыз: жүзу, гимнастика, футбол, футзал, волейбол, баскетбол, үстел және үлкен теннис, таэквондо және басқа да бағыттар. Қазір шамамен 5 мың баланы қабылдауға дайынбыз, — дейді бірлестік басшысы Парвиз Мамедов. — Негізгі қиындық ваучер беру кезеңінде туындайды: кейде ата-аналар тіркелу немесе келісімшартқа қол қою мерзімдерін өткізіп алады. Мұндай мәселелерді жедел шешу үшін біз олармен үнемі байланыстамыз.

Ваучерлерді бөлу oqu.edu.kz мемлекеттік цифрлық платформасы арқылы жүзеге асырылады (https://oqu.edu.kz/ru/krg/faq). Артықшылық ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға, сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға беріледі. Ваучерді екі күн ішінде пайдалану қажет, әйтпесе өтінім 28 күнге архивке жіберіледі. Қайтадан ескерусіз қалдырылған жағдайда, ол порталдан алынып тасталады.

Нұсқаулықпен мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://www.youtube.com/watch?v=XGjUQiFrNfw.

Жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар мына жерде қолжетімді: https://oqu.edu.kz/ru/krg/faq.

Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі