BANNER

Қарағанды облысында ауыл дәрігерлері жаңа баспанаға ие болды

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қызметтік пәтерлер мен ұлғайтылған көтерме жәрдемақылар – Қарағанды облысында ауылдық жерлерге келген жас мамандарды қолдау жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Нұра ауданында дәрігерлер үйінің құрылысы аяқталып, пәтерлер аудандық аурухана қызметкерлері мен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша келген жас мамандарға табысталды.

Жаңа екі қабатты ғимаратта аумағы әртүрлі 14 пәтер бар – бір, екі және үш бөлмелі. 

Мұнда жас мамандар мен отбасылы дәрігерлердің жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған: пәтерлерге сапалы жөндеу жүргізіліп, 

қажетті жиһазбен толық жабдықталған. 

Үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған және барлық коммуналдық қолайлылықтармен қамтамасыз етілген.

Пәтер кілттерін табыстау рәсімінде Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов дәрігерлер үйінің бой көтеруі – әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі екенін атап өтті.

— Бұл жай ғана жаңа нысан емес, бұл – елдің саулығын сақтауға өмірін арнаған жандарға деген құрметтің көрінісі. Медициналық қызметкерлерге қамқорлық көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Мұндай үйлердің салынуы мемлекет өз уәдесін орындайтынын дәлелдейді, — деді аудан әкімі.

Жаңа пәтер кілттері бұрын жалдамалы баспанада тұрған дәрігерлер мен ауданға мемлекеттік бағдарлама арқылы келген жас мамандарға берілді.

— Тұрғын үй мәселесі – жұмысқа орналасудағы ең өзекті проблемалардың бірі. Ауданда жалдамалы баспана аз болғандықтан, қызметтік пәтерлердің берілуі біздің аурухананы жұмыс орны ретінде таңдауға үлкен ынталандыру болды. Осы үйдің арқасында біз үш жас маманды – акушер-гинеколог, функционалдық диагностика дәрігерін және жалпы тәжірибе дәрігерін тарттық. Қазір реаниматолог маманмен келіссөз жүргізілуде, ал келесі жылы өзіміз оқытып жатқан офтальмологтың резидентурадан оралуын күтеміз, — деді Нұра аудандық ауруханасының директоры Орал Мәзитов. — Осылайша, ауданның бейінді мамандарға деген сұранысы негізінен жабылды. Қазір тек кардиолог пен дерматовенеролог қажет.

Ауылдық жерлерде еңбек етуді таңдаған мамандар үшін қосымша ынталандыру ретінде тапшылық байқалатын мамандықтар бойынша көтерме жәрдемақы мөлшері 8,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.

Бүгінде Нұра ауданында 21 мыңнан астам тұрғын бар. Аудандық орталық аурухана 51 төсектік стационар мен ауысымына 178 адам қабылдайтын емханамен жабдықталған. Ауданның барлық елді мекендерінде медициналық қызмет көрсетуді жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде: жаңа үлгідегі фельдшерлік-акушерлік пункттер, медициналық бекеттер мен амбулаториялар ашылып жатыр.

Дереккөз: Gov.kz