Қарағанды облысында көп жылдан бері шешімін күткен мәселе шешімін тапты: Бұқар жырау ауданына қарасты Ғабиден Мұстафин ауылында Нұра өзені арқылы өтетін жаңа көпір пайдалануға берілді. Енді Теміртауға дейінгі жол үш есеге қысқарды – бұрын тұрғындар 40 шақырым айналып өтсе, қазір бар болғаны 12 шақырым ғана. Бұл жол бұрынғыдан жылдамырақ, қолайлы әрі қауіпсіз болды.
Ашылу рәсіміне ауыл тұрғындары мен жергілікті қоғам белсенділері қатысты.
– 2015 жылғы су тасқынынан кейін ауылымызда жаңа көпір салу мәселесі өткір тұрды. Біз бұл қажеттілікті дәлелдеп, түрлі мекемелерге жүгіндік. Бүгін, міне, көптен күткен қуанышты күн туды. Құрылыстың басынан аяғына дейін куә болдық. Бұл көпір – біздің өмір жолымыз іспетті. Бұрын Теміртауға бару көп уақыт алатын, енді жол әлдеқайда жеңілдеді, – дейді ауыл тұрғыны Татьяна Загурная.
Көпірдің құрылысы үш жылға созылды. Ұзындығы 150 метр болатын нысан толықтай асфальтталып, заманауи стандарттарға сай салынды. Бұрын пайдаланылып келген жаяу жүргіншілер көпірі алдағы уақытта бұзылатын болады.
– Енді Теміртауға дейінгі жол үш есеге қысқарды. Бұл – тұрғындар үшін әлдеқайда жылдам, ыңғайлы әрі ең бастысы, қауіпсіз қатынау мүмкіндігі, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа нысанның ашылуында. – Жобаны жүзеге асыруға атсалысқан құрылысшыларға, инженерлерге және бақылау қызметтеріне алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, осы кезеңде түсіністік танытқан ауыл тұрғындарына ризашылығымды айтамын.
Жаңа көпірдің іске қосылуымен ауылға қоғамдық көлік қатынай бастайды. Бұл жергілікті тұрғындардың қалаға қатынауын едәуір жеңілдетеді.