Қарағанды облысының әкімдігінде ел Президентінің 28 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын қалай орындалатыны туралы айтылды. Өңір активінің қатысуымен өткен кеңесте Мемлекет басшысы жариялаған сегіз магистральдық бағыттың барлығы қозғалды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев экономикаға инвестиция тарту бірінші орында екенін атап өтті.
– Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы біздің облыс алға қойған көрсеткіштерге қол жеткізді. Экономиканың 13,7%-ға өсуі қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2023 жылға қарай 61% -ға өсе отырып, 1,4 трлн теңгені құрады. 200 млрд теңгеге 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылды, 2,5 мың жұмыс орны құрылды, Алайда біз даму әлеуетіміз әлі де зор екенін түсінеміз, – деді өңір басшысы. – Салалық басқармалар, қалалар мен аудандар әкiмдерi шетелдiк инвесторларды тарту жөнiндегi жұмысты күшейтсiн және жобалау кезеңiнен бастап өндiрiстi толық iске қосуға дейiн iске асырылатын жобаларды сүйемелдеудi қамтамасыз етсiн. Бұл біздің KPI, әкімдер жеке жауапкершілікте. Инвесторлардың барлық мәселелерін шешу керек!
Облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов 2025 жылы 1,5 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отырғанын, бұл соманың 90% -ға жуығы – жеке капитал екенін атап өтті.
Экономиканың өсу нүктелерінің бірі туризм болуы тиіс екендігі атап өтілді. Ермағанбет Бөлекпаев Балқаш және Қарқаралы аудандарындағы туристік инфрақұрылымға, сондай-ақ қала маңындағы туризмді дамыту үшін бос жер учаскелеріне ревизия жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ отандық және шетелдік инвесторларды тарта отырып, ірі жобалардың тізбесін қалыптастыру қажет.
Логистиканы, электрондық сауданы дамыту – бұл да әлеуетті бағыттар. Мемлекет басшысы халықаралық аэрохаб құру қажеттігін атап өтті. Мұнда Қарағанды әуежайы өз рөлін атқаруы мүмкін: инвесторлар жыл сайын 50 мың тоннаға дейін жүк тасымалдау үшін жүк-терминал құрмақшы. Әуежай қазірдің өзінде Эквадор, Нидерланды, Бельгия және Оңтүстік-Шығыс Азиядан жүк рейстеріне қызмет көрсетеді. Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша әуе кемелерінің техникалық қонуын ұлғайту жоспарланып отыр.
Жасанды интеллектіні енгізуге келетін болсақ, мемлекеттік органдардың қызметтері бойынша азаматтарға кеңес беру үшін электрондық көмекшілерді пайдалану ұсынылды.
ТКШ саласында жаңа желілерді жаңғырту және салу жалғасады. Биыл тұрғындарды жылумен жабдықтауды жақсарту үшін алты жоба және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және су бұру бойынша 33 жоба жоспарланған. 3,2 км жылу желілері, 98,9 км су құбыры және кәріз желілері салынатын және жаңартылатын болады.
Энергия тапшылығын шешу үшін 2028 жылға дейін облыстың үш энергия көзінде ірі жобаларды іске асыру жоспарланған: Қарағанды ЖЭО-3, «Топар» МАЭС және Балқаш ЖЭО. Қуаттылықты арттыру үшін екі жаңа қазандық пен төрт турбина іске қосылады.
Кеңесте сондай-ақ бюджеттік тәртіпті күшейту, «халық үніне құлақ асатын мемлекетті» одан әрі дамыту туралы айтылды.
– Мен кәсіпорындарға шыға отырып, жаңа форматта кездесулер өткіздім. Біздің жыл сайынғы халықпен кездесулерімізге жұмыс істейтіндер әрдайым келе бермейді. Өз орынбасарларыма, әкімдерге осы жұмысты жалғастыруды және еңбек ұжымдарымен, бизнес, агроөнеркәсіп кешені, жастар және басқа да салалардың өкілдерімен кездесулер өткізуді тапсырамын, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.