Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы Ботақара кентінде саятшылықтан облыстық чемпионат ұйымдастырылды. Ұлттық спорттың ең көне әрі көрермені көп түрлерінің бірі саналатын бұл жарысқа өңірдің қала-аудандарынан 25 тәжірибелі спортшы қатысты. Қатысушылар жеке шеберлігін ғана емес, аңға салынған қыран құстардың жоғары деңгейде бапталғанын да көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қарағанды облысының атынан республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысу құқығына ие болды.

Жарыс нәтижелері

«Бүркіт» санаты:
Жәнібек Ерболатұлы (Қарағанды қаласы, «Қайрат» мектебі);
Нұрәділ Есенгелді (Тасшоқы ауылы, Бұқар жырау ауданы);
Абылай Қанат (Шет ауданы).
«Ителгі» (балобан) санаты:
Темірәлі Төлегенұлы (Доскей ауылы, Бұқар жырау ауданы);
Арман Матей (Тасшоқы ауылы, Бұқар жырау ауданы);
Нұрасыл Ерболат (Қарағанды қаласы, «Қайрат» мектебі).
«Қаршыға» санаты:
Серік Кәріпов (Қарағанды қаласы);
Әлихан Уәлиев (Шалқар ауылы, Бұқар жырау ауданы);
Абылай Матей (Қарағанды қаласы, «Қайрат» мектебі).

«Ителгі» санатында жеңіске жеткен Темірәлі Төлегенұлы чемпионаттың жоғары деңгейде өткенін және бәсекенің өте тартысты болғанын атап өтті.
— Мен Жұлдыз атты ителгіммен өнер көрсеттім. Бағдарлама үш кезеңнен тұрды: «қолға шақыру», «далбай айналдыру» және «қоянға салу». Барлық кезеңде жоғары ұпай жинадық. Бұл жеңіс — жүйелі дайындық пен ұлттық спортқа деген шынайы құрметтің нәтижесі. Алдағы уақытта республикалық жарыстарға тыңғылықты дайындалып, өңір намысын қорғауға ниеттіміз, — деді спортшы.

Чемпионат Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының, Бұқар жырау ауданының спорт бөлімінің және «Сарыарқа құсбегілері» облыстық федерациясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Дереккөз: Gov.kz
