BANNER

Қарағанды облысында жаңа әлеуметтік нысандар – мектеп пен Мәдениет үйі ашылды

gov.kz

Жаңа жыл қарсаңында Қарағанды облысында екі әлеуметтік маңызды нысан пайдалануға берілді. Бұқар жырау ауданының Көкпекті ауылында жаңа Мәдениет үйі, ал Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша салынған заманауи мектеп өз жұмысын бастады.

Көкпекті ауылындағы жаңа мәдениет үйін арнайы жоба бойынша ашқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарды мерекемен құттықтады.

– Президент тапсырмасы бойынша Бұқар жырау ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында үш заманауи мектеп саламыз — бұл балаларымыздың болашағына жасалған инвестиция. Бүгін тағы бір маңызды және көптен күткен оқиға орын алды: жаңа Мәдениет үйін ашып отырмыз. Бұл — бүкіл ауыл үшін кездесулер, шығармашылық және қоғамдық байланыс орны. Баршаңызды осы мерекемен және келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір үйде жылулық, тұрақтылық пен болашаққа сенім болсын! – деді өңір басшысы.

Көкпекті ауылында шығармашылық жұмыстар мен үйірмелер 30 жыл бойы бейімделген бөлмелерде жүргізіліп келді. Енді тұрғындар үшін 200 орындық зал, сахна және сабақ өткізуге арналған кабинеттері бар заманауи, кең және ыңғайлы ғимарат бой көтерді.

– Бұл біз үшін үлкен оқиға. Мен Көкпектіде жеті жылдан бері жұмыс істеймін және жаңа Мәдениет үйінің ашылуын қатты күттім. Мұнда жарық, әдемі және ыңғайлы — концерттер, репетициялар мен сабақ өткізуге барлық жағдай жасалған. Жаңа ғимарат балалар мен ересектерді шығармашылыққа тартып, олардың таланттарын ашуға мүмкіндік береді, – деді Мәдениет үйінің меңгерушісі Ольга Гайнуллина.

Ауылда «Единство» және «Атамекен» ересек ансамбльдері, балалар вокалдық топтары мен би ансамбльдері жұмыс істейді. 

Жаңа мәдениет үйінде домбыра мен қобыз сабақтары, сондай-ақ спорт секциялары – дойбы мен шахмат жоспарланған.

Тұрғындар жаңа ғимараттың салынып жатқанын алғашында сенбегендерін айтады

– Біз жылдар бойы Мәдениет үйін салуын сұрап хат жаздық. Ауылда шығармашылыққа бейім адамдар көп, енді оларға жақсы жағдай жасалды. Мүмкін, жақын арада біздің ансамбльдер республикалық деңгейде де танымал болып қалар, – дейді ауыл тұрғыны Темірбай Әбеуов.

2025 жылы Бұқар жырау ауданында үш мәдениет үйі пайдалануға беріліп, жеті мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өтті.

Тағы бір маңызды оқиға – Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында 300 орындық жаңа мектептің ашылуы. Бұл оқу орны «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған және қазіргі заманғы білім беру стандарттарына толық сәйкес келеді.

Мектепте балалардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған: кең және жарық сыныптар, эргономикалық жиһаз, асхана, кітапхана, акт зал және спорт залы. Ерекше мақтаныш – STEM-лаборатория, табиғи-математикалық бағыттағы кабинеттер, робототехника және графикалық дизайн сыныптары. Интерактивті тақталар жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мектептің ашылуында педагогтарды, оқушылар мен ата-аналарды онлайн құттықтады.

– Жаңа мектептің ашылуы – мемлекет білімге қандай көңіл бөлетінін айқын көрсетеді. Мұнда балалар сапалы білім алып, «Адал азамат» принциптері бойынша тәрбиеленуі үшін барлық жағдай жасалған, – деді облыс әкімі.

Мектептің ерекшелігі – бастауыш және орта буын оқушыларының бөлек орналасуы, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жағдайлардың жасалуы. Территориясы абаттандырылған: футбол, волейбол, баскетбол және хоккей алаңдары, воркаут алаңы бар.

Соңғы екі жылда Қарағанды облысында «Келешек мектептері» жобасы бойынша алты мектеп ашылды, тағы төрт мектеп салынып жатыр. 

Биыл 33 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті, оның 29-ы «Мектептерді жаңғырту» жобасы аясында, ал 232 нысанда ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Дереккөз: Gov.kz