Қарағанды облысының прокуратурасы мәслихат депутаттарын сайлау кезінде заң талаптарын сақтауға шақырды

Фото: ЖИ

Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 12 қазандағы № 1521 Жарлығымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 29 қарашаға мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындады (2026 жылғы 13 қазандағы № 60/98 қаулы).

Аталған сайлауды өткізу тәртібі мен шарттары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында егжей-тегжейлі регламенттелген.

Сайлау тағайындалған сәттен бастап Қарағанды облысының прокуратурасы сайлау науқанының барлық кезеңінде сайлау заңнамасының сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады.

2026 жылғы 1 қарашада сағат 18:00-де сайлау науқанының ең белсенді кезеңі – сайлау алдындағы үгіт басталды. Ол 2026 жылғы 28 қарашада сағат 00:00-де аяқталады.

Осыған байланысты сайлау алдындағы үгіттің мәнін түсіндіре кетуді жөн санаймыз. Сайлау алдындағы үгіт – сайлаушыларды белгілі бір кандидатқа немесе саяси партияға дауыс беруге не оларға қарсы дауыс беруге ынталандыру мақсатында жүзеге асырылатын қызмет.

Заңнамада кандидаттардың, олардың сенім білдірілген адамдарының және саяси партиялардың сайлау алдындағы үгіт жүргізу құқықтарына кепілдік беретін, оларды қорғауға, сондай-ақ кандидаттар мен саяси партиялар туралы жалған мәліметтердің таралуына жол бермеуге бағытталған нормалар көзделген.

Атап айтқанда, депутаттыққа кандидаттардың, олардың сенім білдірілген адамдарының және саяси партиялардың сайлау алдындағы үгіт жүргізу құқығын іске асыруына кедергі келтіргені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 103-бабында әкімшілік жауаптылық көзделген.

Кандидаттар мен саяси партиялар туралы көрінеу жалған мәліметтер тарату, сондай-ақ сайлау нәтижесіне ықпал ету мақсатында олардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін өзге де әрекеттер жасау ӘҚБтК-нің 104-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.

Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардың кандидаттарға немесе саяси партияларға олардың сайлау алдындағы қызметіне байланысты жазбаша келісімінсіз қызметтер көрсетуіне тыйым салынады. Мұндай әрекеттер ӘҚБтК-нің 118-бабында көзделген құқық бұзушылық құрамын құрайды.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабының 9-тармағына сәйкес сайлау алдындағы үгітті сайлаушыларға тауарларды, көрсетілетін қызметтерді және бағалы қағаздарды тегін немесе жеңілдікті шарттармен ұсынумен, лотереялар мен қайырымдылық акцияларын өткізумен, ақша төлеумен не осындай игіліктерді беруге уәде етумен ұштастыруға тыйым салынады.

Мұндай әрекеттер сайлаушыларды сатып алу, сондай-ақ сайлау алдындағы үгітті жүргізу шарттарын бұзу ретінде сараланады және ӘҚБтК-нің 122-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.

Алайда сайлау науқаны үшін арнайы дайындалған баспа материалдарын, оның ішінде иллюстрациялық материалдарды, төсбелгілерді, тулар мен жалаушаларды тегін тарату аталған тыйымға жатпайды.

Сайлау алдындағы үгітті бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар арқылы жүргізу тәртібі мен шарттары Конституциялық заңның 27-бабының 7 және 7-1-тармақтарында белгіленген.

Осы нормаларға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары:

– кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау науқанын объективті түрде жариялауға;

– кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан бас тартуға;

– аталған тұлғаларға өздерінің ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделін қорғау мақсатында теріске шығаруды баспа басылымының таяудағы нөмірінде, теріске шығарылатын хабарлама немесе материал жарияланған көлемде, сол қаріппен және сол орында тегін жариялау мүмкіндігін беруге міндетті.

Аталған талаптарды сақтамау ӘҚБтК-нің 112-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.

Сайлау алдындағы үгіт кезеңінде мынадай құқық бұзушылықтар да кездесуі мүмкін:

– ӘҚБтК-нің 113-бабы бойынша анонимдік үгіт материалдарын дайындау немесе тарату. Бұл – Конституциялық заңның 28-бабының 5-тармағында көзделген міндетті деректемелері көрсетілмеген материалдар. Атап айтқанда, барлық үгіттік баспа материалдарында оларды шығарған ұйым, басып шығарылған орны мен таралымы, тапсырыс берген тұлғалар, сондай-ақ материалдардың қандай қаражат есебінен төленгені туралы мәліметтер болуға тиіс.

Бұл талаптар онлайн-платформаларды пайдаланушыларға үгіт материалдарын шарт негізінде дайындаған жағдайда да қолданылады.

– ӘҚБтК-нің 114-бабы бойынша үгіт материалдарын қасақана жою немесе бүлдіру.

– ӘҚБтК-нің 120-бабы бойынша сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу шарттарын бұзу.

Сонымен қатар сот депутаттыққа кандидаттардың, олардың сенім білдірілген адамдарының немесе саяси партиялардың басқа кандидаттың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтер таратуы, сондай-ақ сайлаушыларды сатып алу фактілерін анықтаған жағдайда, әкімшілік жауаптылықпен қатар өзге де құқықтық салдарлар туындайтынын ескеру қажет.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 104-бабына сәйкес мұндай құқық бұзушылықтар тиісті сайлау комиссияларының кандидаттарды немесе партиялық тізімді тіркеу туралы шешімдерінің күшін жоюға не кандидатты партиялық тізімнен шығаруға негіз болуы мүмкін.

Сайлау құқықтарына қол сұғатын барлық әкімшілік құқық бұзушылықтар (ӘҚБтК-нің 101–126-баптары) бойынша іс қозғау прокурордың айрықша құзыретіне жатады (ӘҚБтК-нің 805-бабы).

Сонымен бірге азаматтар өздерінің сайлау құқықтары бұзылған жағдайда сотқа тікелей өз бетінше жүгінуге құқылы (ӘҚБтК-нің 807-бабы 1-бөлігінің 4-тармағы).

Бұл санаттағы істерді соттар прокурордың қаулысынсыз, алайда оның міндетті қатысуымен қарайды. Бұл талап сайлау құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтардың ӘҚБтК-нің 101–126-баптарында көзделген барлық құрамдарына қатысты.

2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған сайлаудың қоғам мен мемлекет үшін ерекше маңызын ескере отырып, сайлау науқанының барлық қатысушылары заңнамада белгіленген талаптарды мүлтіксіз сақтауға тиіс.

Әрбір құқық бұзушылық фактісі бойынша заңда көзделген барлық қажетті құқықтық шаралар қабылданатын болады.

Қарағанды облысының прокуратурасы