Қарағандылық жоғары сынып оқушысы Диана Сульгите тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті бұзылған спортшылар арасында өткен шахматтан Қазақстан чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Жүлде үшін елдің 16 өңірінен келген 120-дан астам қатысушы бақ сынасты.
Турнир Тараз қаласында рапид және классикалық партиялар форматында, швейцар жүйесі бойынша өтті — әрбір қателік жүлделі орыннан айыруы мүмкін еді. Диана жарыс жолын сенімді өтіп, қыздар арасында үздік атанды.
Он бірінші сынып оқушысы Қарағанды қаласындағы №2 арнайы мектеп-интернатта білім алады және шахматпен бес жылдан бері айналысады. Осы уақыт аралығында ол қалалық және облыстық турнирлерде бірнеше рет жеңіске жетіп, өткен жылы Қарағанды облысының чемпионы атанған.
— Бізде мүгедектер спорты мектебімен келісім бар. Олардың жаттықтырушылары біздің тәрбиеленушілермен жұмыс істейді. Диана шахматпен айналысуды өзі қалады. Оның ойлау қабілеті аналитикалық, математика мен информатиканы жақсы көреді. Диана өте мақсатшыл, қабілетті, - деді №2 мектеп-интернатының директоры Эльмира Амандықова.
Ұлттық додаға дайындықты «Чатуранга» шахмат орталығы мен Қарағанды облыстық шахмат федерациясының жаттықтырушылары қамтамасыз етті. Дианамен жеке түрде федерацияның вице-президенті Салтанат Тоқташ және жаттықтырушы Татьяна Гаршина жұмыс істеді.
Енді чемпион қыз Испанияда өтетін халықаралық жарыстарға дайындалады.
Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі
