BANNER

Қарағандылық оқушылар республикалық пәндік олимпиадада тағы он медаль жеңіп алды

Фото: gov.kz

Қарағандылық он оқушы география, информатика және химия бойынша 9–11 (12) сынып оқушылары арасындағы Республикалық пәндік олимпиаданың жүлдегері атанды. Олар екі алтын, бір күміс және жеті қола медаль жеңіп алды.

Бірінші, екінші, үшінші орындарды «Білім-Инновация No1» мектеп-лицейінің үш оқушысы иеленді. Оныншы сынып оқушысы Санжар Қалиакбар алтын, 10-сынып оқушысы Айдар Дәрібай күміс, тоғызыншы сынып оқушысы Құрманәлі Әпейіс қола жүлдені иеленді.

Географияда үшінші орынды біздің өңірдің төрт оқушысы бөлісті:

- Алан Бодуков, №2 Қарағанды қалалық лицейінің он бірінші сынып оқушысы;

- Мирас Айқынбаев, Қарағанды қаласы Б. Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы;

- Арайлым Темірланқызы, "Білім-Инновация №2" лицей-интернатының он бірінші сынып оқушысы;

- Ералы Қалыш, Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернат-лицейінің 9-сынып оқушысы.

– Мен география пәнінен республикалық олимпиадаға екінші рет қатыстым. Жетекшім – Серік Рахым Рахманұлы. Өткен жылы екінші, биыл үшінші орын иелендім. Олимпиада үш кезеңнен тұрды: біріншісі – мультимедиялық, екіншісі – жазбаша, үшіншісі – далалық типтегі. Үшінші тур барысында біз Алматыдағы Есентай өзенінің бойында қызықты тапсырмаларды орындадық. Жалпы олимпиада сұрақтары күрделі болды. Менің санатыма еліміздің барлық өңірлерінен 49 оқушы қатысты, – деді Ералы Қалыш.

"Информатика" санатында бірінші орынды Н. Нұрмақов атындағы мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Әлішер Қазтаев иеленді. Осы пән бойынша екі үшінші орынды "Білім-Инновация №1" лицей-интернатының он бірінші сынып оқушысы Абзал Бекежан және Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Асқар Айбасов жеңіп алды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер I, II, III дәрежелі дипломдармен және ҚР Білім Министрлігінің алтын, күміс және қола медальдарымен марапатталды. Абзал Бекежанға диплом және медальмен қатар Қазақстан-Британ техникалық университетінің гранты табысталды.

– Мен информатика бойынша қола медаль жеңіп алдым. Жалпы, олимпиада қиын болған жоқ, бірақ мен өзім күткеннен сәл аздау ұпай жинадым. Соңғы төрт жылда олимпиадаларға қатысамын. Сондай-ақ маған ҚБТУ гранты берілді. Мен мұны күткен жоқпын, – дейді Абзал Бекежан.