Қарағандылықтарды ұлттық музыка мен әлемдік классика тоғысқан концертке шақырады

Сурет: Қарағанды облысының әкімдігі сайтынан

10 қарашада «Шалқыма» концерт залында қазақтың бай музыкалық мұрасы мен әлемдік классиканың үздік туындылары тоғысатын ерекше кеш өтеді. Қарағанды тұрғындары мен қала қонақтарын сағат 18:30-да басталатын концертке шақырады.

Кеш шымылдығын Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі ашып, көрермен назарына арнайы әзірленген концерттік бағдарламасын ұсынады.

Музыкалық кешке халықаралық фестивальдер мен байқаулардың лауреаттары Бердәулет Тұрсынбай мен Рысты Рахымжан, сондай-ақ оркестрдің жеке орындаушылары қатысады.

Оркестрге бас дирижер, Қазақстан Республикасының мәдениет үздігі Ерлан Бақтыгерей, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Әбдуғалисын Шоқанбаев және халықаралық байқаулардың лауреаты, композитор Әбілқайыр Сағымбаев дирижерлік етеді.

Бұл кеш көрермендерге қазақтың аспаптық музыка өнерінің терең тамыры мен бай дәстүрін тереңірек танып, ұлттық әуендердің әлемдік классикамен астасқан әсем үйлесімін сезінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар отандық музыкалық өнердің сан қырын жаңа қырынан ашып, оның әлемдік мәдениетпен сабақтастығын паш етеді.