Қарағанды облысының жеті ауданында медициналық инфрақұрылым жаңғыруда. Мемлекетке қайтарылған активтердің есебінен 51 жаңа нысан — фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар және медициналық бекеттер салынды. Бұл — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асып жатқан ауқымды жоба. Оның басты мақсаты — ауыл тұрғындарына сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсету.

Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, нысандарды медициналық ұйымдардың балансына беру үшін қажетті құжаттар рәсімделуде. Сонымен қатар жаңа ғимараттар медициналық құрал-жабдықтармен қамтылып жатыр.
— Жаңа медпункттің ашылуы — ауыл үшін үлкен қуаныш. Бұрын дәрігерге қаралу үшін аудан орталығына баруға тура келетін. Енді медициналық көмек дәл қасымызда, — дейді Нұра ауданының Қарой ауылының тұрғыны Күлкен Мұхамеджанова.
Қаройдағы жаңа медициналық бекетте жас маман Сабина Шульц еңбек етуде.
— Мұнда жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған: жарық әрі кең кабинеттер, заманауи аппараттар бар. Бұл бізге ауыл тұрғындарына жылдам әрі сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді, — дейді ол.

Нұра ауданында мемлекетке қайтарылған активтердің есебінен барлығы 10 нысан салынды. Олардың қатарында медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, сондай-ақ бір дәрігерлік амбулатория бар.

Осындай оң өзгерістер Бұқар жырау ауданында да байқалады — мұнда 13 жаңа медициналық нысан бой көтерді. Сонымен қатар Ақтоғай ауданында тоғыз, Абай ауданында сегіз, Осакаров ауданында бес, Қарқаралы ауданында төрт және Шет ауданында екі денсаулық сақтау нысаны салынды.

Елде заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, түскен қаражат ең алдымен әлеуметтік маңызы жоғары бағыттарға — денсаулық сақтау, білім беру және инфрақұрылым салаларына бағытталып отыр.

Жаңа медициналық пункттер мен амбулаториялардың ашылуы ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып, өңірлердегі медициналық қызметтің қолжетімділігін едәуір жақсартады.

Бұл — елдің әлеуметтік дамуы мен әділетті Қазақстан құру жолындағы нақты нәтижелердің бірі.
Дереккөз: Gov.kz
